Шымкентте коронавирус жұқтырған төтенше жағдай қызметкерлерінің қатары тағы да артты. Бұған дейін инфекция 10 маманнан анықталған еді.

Енді міне вирус тағы 26 азаматтан табылды. Бүгінде олардың өздері мен байланыста болғандардың барлығы карантинге жатқызылған. Осылайша қалада қатерлі індетті жұқтырғандардың қатары 103-ке жетті.


Шымкент қаласында тәжівирусты жұқтырғандардың қатары күн санап көбейіп барады. Бүгінде инфекция 103 азаматтан анықталған. Олардың 56 пайызы әйелдер болса, 47 пайызы ерлер. Сұрықсыз статистика індеттің жас талғамайтынын да көрсетті. Мегаполисте ковидті 3 жасқа дейінгі баладан 79 жастағы қарттар да жұқтырған.

Еске сала кетейік, инфекция алғашында басқа қала мен шетелден келген азаматтардан табылған еді. Кейін аты жаман аурудың дәрігерлерді де дендегені белгілі болды.

Осыдан кейін ғана мамандар қызметте жүргендердің барлығын тексеруді қолға алған. Нәтижесінде төтенше жағдай қызметкерлерінен вирус табылды. Алғашында вирус жұқтырған төтенше жағдай қызметкерлерінің саны 10 болса, бүгінде олардың қатары 36-ға жеткен.

Қазіргі таңда Шымкентте 86 пациент ковидтен емделіп жатыр. Оның үшеуі жансақтау бөлімінде, біреуі арнайы аппаратқа таңылған. Шаһарда әлемді жайлаған дертті жеңгендер де жоқ емес. Осыдан екі күн бұрын 4 адам айығып, ауруханадан шықты. Олардың арасында екі айлық сәби де бар.

Назерке Үкібасова