«ПӘТЕРДЕН ШЕЛЕКТЕП СУ ТАСИМЫЗ»
Арнамызға хабарласқан «Нұрсәт» шағынауданы 135 в үйдің тұрғындары осылай дейді. Суағарларынан атқылаған сумен күрескен тұрғындар жаңбыр жауса уайымға қалады.
Жауын жауған күнгі тұрғындардың әбігерін өздері түсірген осы бейнежазбадан-ақ көруге болады. Құбырдан атқылаған су дәлізді алып, тіпті пәтерлерге дейін кіріп кеткен. Мұндай кезде жергілікті халық күн-түн демей суды тоқтатудың әлегіне түседі. «Құбырды жамап-жасқап, үйден шелек-шелек су шығарамыз» деп шырылдайды жұртшылық.
Ылғал пәтерлерді зақымдап кеткен. Қабырғалар көгеріп, қақ айырылып жатыр дейді тұрғындар. Құрылыс монтаж жұмыстарын талапқа сай жүргізбеген мердігерлер сапасыз жұмыстарын мойындап құбырды да, пәтерлерді жөндеп те беріпті. Алайда, қанша жамап-жасқалса да жауын жауса, жүйелер сыр береді дейді тұрғындар.
Тұрғындар түйіткілді мәселелерімен талайдың есігін қаққан. Алайда, шенеуніктер бір-біріне сілтеп әлі күнге дейін халықтың арызына атүсті қарап отыр. Ал құбырды өз қаражаттарына ауыстыруға тұрғындардың қаржылай мүмкіндігі жоқ екен.
9 қабатты тұрғын үйге құбыр жүргізген мердігерлердің кепілдік мерзімі аяқталған. Сондықтан да тұрғын үй коммуналдық шаруашылыққа жауапты шенеуніктер құбырды жаңалап беруді өз мойнына алып отыр. Айтуларынша карантин біткен соң құрылысшылар іске кіріседі. Жергілікті билік өкілдері уәделерін орындағанша тұрғындардың құбырдан атқылаған сумен күресе тұрғаннан басқа амалы жоқ.
Мақпал Рысбаева