фото rbc.ru

Әлемді жайлаған дерт енді науқаспен байланыста болмағандардан да анықтала бастады. Осы уақытқа дейін Шымкентте инфекцияның жергілікті 13 дерегі тіркелген.

Қала аумағынан шықпай, пациенттермен байланыспай вирус жұқтырған науқастың бірі кеше көз жұмды. Одан бөлек, Шымкентте ұшақпен жеткізілген 3 азаматтан инфекция анықталды.

Шымкентте инфекция жұқтырғандармен қатар, одан көз жұмғандардың да саны артып барады. Мегаполисте коронавирустан өлім дерегі кеше кешке тағы да тіркелді. 52 жастағы шымкенттік қала аумағынан шықпаған және пациенттермен байланыста болмаған. Десе де ауруханаға қызуы көтеріліп жеткізілген одан инфекция анықталып, ажал құшты.

Соңғы тәулік бойынша қалада коронавирус тағы 6 азаматтан анықталған. Олардың үшеуі Ақтаудан ұшып келген шымкенттіктер. Айта кетейік, қалаға 20 және 22 сәуірде еліміздің батысынан екі борт келген болатын. Әзірге алғашқы жеткен 68 жан зерттеуден өтіп үлгерді. Қалған 109 тұрғынның тест сараптамалары әзірге дайын емес.

Әбдіманап Төлебаев, Шымкент қаласының бас санитары: «Қазір Ақтаудан келген азаматтардың барлығына жағдай толық жасалған. Барлығы да төсек-орынмен қамтылған. Ішер астарын да уақытылы жеткізіп отыр. Ол бойынша ешқандай мәселе жоқ».

Айта кетейік, Шымкентте Ковид-19дың алғашқы дерегі 24 наурызда тіркелген еді. Бүгінге дейін індет жабысқандар саны қалада 139-ға жетті. Олардың 4-уі көз жұмып, 18 тәжівирусқа төтеп берді.

Назерке Үкібасова