Төтенше жағдай кезеніде «Қазпошта» АҚ -ның жергілікті жерлердегі байланыс бөлімшелері жұмысын тоқтатқан жоқ.

Түркістан облысында халыққа 415 байланыс бөлімшесі, Шымкент қаласында 35 бөлімше қызмет көрсетуде.

Карантин кезінде қашықтықтағы қызметтерді кеңінен қолданыңыздар деген талаптар айтылса да, әлеуметтік төлемдерді қолма қол алуға байланыс бөлімшелеріне келетіндер баршылық. Олардың көбі зейнеткерлер. «Азат» шағынауданының тұрғыны Айымкүл Мешітбаева ауырып қалған отағасының зейнетақысын алуға келіпті.

Шымкентте 30 мыңнан астам зейнеткер зейнетақысын «Қазпоштадан» алады. Соның үштен бірінде ғана банк карточкасы бар екен. Бүгінгі таңда 9 мың 270 зейнеткер, 80 жастан асқан 5 мыңға жуық қариялардың әлеуметтік төлемдері үйлеріне жеткізілген. Өздері жайлы мәліметті дүрыс бермегендер сайттағы телефондар арқылы хабарласуына болады.

Шымкенттегі Қазыбек би көшесіндегі орталық байланыс бөлімшесі карантин кезінде сағат 9:00-18:00 аралығында үзіліссіз жұмыс істесе, қалған қала аумағындағы 34 байланыс бөлімшелері таңғы 9:00- ден 17:00- ге дейін қызмет көрсетеді. Еліміздегі бас санитардың қаулысы бойынша Түркістан облысындағы аудандардағы байланыс бөлімшелері сағат 10:00-16:00 аралығында жұмыс істейді.

Шынар Оразова