Төтенше жағдай кезінде шектеу шараларына бағынбаған шымкенттік кәсіпкерлердің қатары аз емес. Олардың жолын кесіп, жауапқа тарту үшін полицейлер күн сайын арнайы рейд өткізіп келеді. Небәрі 2 күннің ішінде жүздеген хаттама толтырылып, айыппұл салыныпты. Ондаған кәсіпкер қамауға алынған.
Ел аумағына енгізілген төтенше жағдай кезінде қаланың тынысы мен тынышы қатаң қадағалауға алынған. Бұл үшін Шымкенттің бас полицейі қызметкерлерімен қоса жұмысқа жұмылып, енгізілген шектеу-шараларын тексеріп жүр. Дей тұрғанмен, шымкенттік кәсіпкерлер бұл шектеулерге бағынғысы келмейтіні байқалды. Бірқатар дүкен қожайындары мен дәмхана, мейрамхана иелері әлі күнге жұмысын тоқтатпағанына куә болдық.Кешкі сағат 20-00. «Теріскей» шағынауданында ғұжынаған халық, әдеттегідей абыр-сабыр. Ондағы гүл сататын әйгілі дүкен де өз жұмысын тоқтатпаған. Бірақ бұл дүкеннің қожайынына елдегі төтенше жағдай мен оның бағынуы тиіс заң талаптары жіті түсіндірілген екен. Енді бұл тәртіп бұзушылық қайталанса, кәсіпкер бірнеше тәулікке қамауға алынады.
Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қалалық ПД бастығы: «Соңғы 2 күндік рейдте құқықбұзушылыққа жол бергендері үшін азаматтарға 415 әкімшілік хаттама толтырылды. Содан кейін ғана өзгелері ережеге бағынып, құлақ аса бастады. Мен ойлаймын, Құдай қаласа енді 2-3 күнде бәрі тәртіпке көнеді деп. Сондай-ақ, қала тұрғындарының 90-95 пайызы шектеу шараларына түсіністікпен қарап, бізге көмектесіп жатыр».
Айта кетейік, енді төтенше жағдай кезінде құқық қорғау органына арнайы құзырет берілді. Тәртіпті орнатуда азаматтар мен автокөліктердің қозғалысы қатаң тексеріледі. Яғни, транспорттық көліктерді тоқтатып, олардың құжаттарын талап ете алады. Техникалық жағдайы да бақыланбақ. Сондай-ақ, азаматтардың жеке куәлігімен қоса, жеке заттарын тексеруге де құқық беріліп отыр.
Мөлдір Бекеева