Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс 63 сессиясы өтті. 26 депутаттың басым бөлігі төтенше жағдай ескеріліп қашықтықта байланысты болды. Онлайн режимде өткен сессияда бюджет нақтыланды. Оның көлемі 356,2 млрд-тан 413,0 млрд. теңгеге үлғайды. Өсім 57,7 млрд. теңгені құрады.
Төтенше жағдай кезінде елде экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында қала бюджеті қайта қаралды. Қаржылар бірінші кезекте отандық тауар өндірушілерді қолдауға, халықты жұмыспен қамтуға бағытталады. Осындай 224 жобаны жүзеге асыруға 42 млрд. теңге бөлінді. Іске асса 8 мың 500 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
«Қаржылардың 70 пайызы облигация ретінде қолданылады. Облигацияларды шығаруға 18.6 млрд. теңге жұмсалады. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 35 үйдің құрылысына облигация- 25 млрд. теңге көлемінде қарастырылды», дейді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр.
Қазіргі төтенше жағдай ескеріліп, жұмыспен қамту жол картасына осыған дейін бөлінген қаржы көлемі қайта қаралды. Қаржы маңызды жобаларды жұзеге асыруға бағытталады. 4,9 млрд. теңге Көмеш бұлақтағы 3-ші Газ тарату стансасының құрылысына бөлінеді. Әлеуметтік маңызы бар қоғамдық көлік бағыттары 2 млрд. теңгеге субсидияланатын болды.
«Тұран» шағынауданындағы магистральды су құбырының құрылысына 1,5 млрд. теңге бөлінді. Депутаттардың назарына ұсынылған жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу тәртібін реттеу туралы шешімге өзгерістер енгізу мәселесі еш талқылаусыз қабылданды.
Кей депутаттар қашықтықтан қатысқан онлайн сессияда азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық емделу кезінде тегін дәрілік заттарды қосымша беру, мемлекеттік -жекешелік әіріптестік жобалары бойынша міндеттемелерді қабылдау мәселелері бойынша шешім қабылданды.
Шынар Оразова