Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін азаматтарды көтермелеу туралы «ANTIKOR.LIVE» жобасы аясындағы тікелей эфир барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев мәлімдеді.
Талғар Серікбаев сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу қағидаларына енгізілген жаңашылдықтардан хабардар етті.
«Енді сыйақы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы көптеген елдеріндегі сияқты сараланған болады. Осындай қағидамен бүгінде Германия, АҚШ, Ұлыбритания және Гонконг елдерінің құзырлы органдары қызмет етуде.
Үкімет қаулысының жаңашылықтарына сәйкес бұдан былай пара немесе келтірілген залал сомасы немесе көрсетілген қызметтер құны бір мың АЕК асатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша біржолғы ақшалай сыйақы пара немесе келтірілген залал сомасының он пайызын құрайды, бірақ төрт мың АЕК-тен аспайды» — деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар, ол көтермелеу адам берген ақпарат шындыққа сәйкес болса және айыпты адамға қатысты сот үкімі заңды күшіне енген жағдайда жүзеге асырылатындығын жеткізді.
Өткен кезеңде барлығы 14 адам көтермеленіп, олардың өтініштері бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың жолдары кесілген болатын. Төлемдердің жалпы сомасы 2 млн. астам теңгені құрады.
Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Е. Бахаев баяндады.
Сөз соңында қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің өкілі тұрғындарды пара бермеуге шақырды. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болған жағдайда Департаментке немесе 1424 CaII-орталығына хабарласу қажеттігін мәлімдеді.