Елде азық-түлік қымбаттап, инфляция 6,4 пайызға бір-ақ секірді.Бүгін үкіметте ел экономикасы мен бағаны тұрақтандыру жайы талқыланды.

Ал, Шыментте әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің саны Үкімет бекіткендей 19-ға жеткізілді. Бұған дейін қаланың арнайы тұрақтандыру қорынан 11 тауардың бағасы бақылауда болатын. Оған қоса арзандатылған азық-түлікті сататын дүкеннің қатары да көбейді.

Сапаркүл Қалтаева азық -түлікті үйіне жақын, бағалары да арзан «Фиркан» дүкенінен сатып алады. Мұнда күріштің келісі — 275 теңге, қарақұмықтың бағасы — 355. Бүгін ұн сатып алуға келген зейнеткер іздеген затын ала алмады. «Баға жақсы, ұн тапшы. Тез таусылып кетеді» дейді.

«Ең көп сатылатын бірінші сұрыпты ұнды сөреге қойып үлгермей жатырмыз», дейді дүкен қызметкерлері. Елде төтенше жағдай жарияланғалы ел алдымен ұнды қамдап алады екен. Әсіресе әлеуметтік бағадағы ұнға сұраныс жоғары.

«Әр адамның талғамы мен мүмкіндігі әртүрлі ғой. Әйтпесе ұнның қоры жеткілікті. Нанды жеке кәсіпкер 65 теңгеден әкеледі. Біз оны 75 теңгеден сатамыз»,-дейді
«Фиркан» гипермаркетінің  өкілі Минара Наурызова.

Наубайханаларға арзан ұн тұрақтандыру қорынан беріледі. Бірақ тек наубайлар қауымдастығының құрамына кіретін кәсіпкерлерге ғана. Бұл ұйымға мүше болмаса да мынау тандырхана иесі қазір арзан ұнға тапсырыс беріп қойған.

Жаңабай Мұсаев, кәсіпкер

Әзірге бөлке нанды Ақсукенттен алдырған ұннан пісіріп келеді.

Наурыз айының қорытындысы бойынша елдегі азық-түлік 10 пайызға дейін қымбаттаған. Ал инфляция 4,6 пайыздан 6,4 пайызға бірден артқан.

«Инфляцияға азық-түлік бағаларының  маусымдық қымбаттауы, төтенше жағдайдағы   өнімдерге сұраныстың өсуі — әсері бар. Көкөніс, қарақұмық, құмшекердің бағасы  қымбаттаған», — деп баяндады Үкімет отырысында ҚР ҰБ төрағасы Ерболат Досаев.

Шарықтаған бағаны тұрақтандыру мақсатында жергілікті билік ірі сауда орындарымен келісіп, әлеуметтік маңызы бар азық — түлік тауарларына бағаны ұстап тұруға тырысып отыр. Әлеуметтік бағадағы тауарларды сататын дүкендер санын да арттыруға қол жеткізген.

«Құмшекердің бір келісін  — 195 теңгеден сатып жатырмыз. Бір адам басына үш келіден босатудамыз», — дейді Минара Наурызова.

Жуанның жіңішкерген шағында бағаның өсуі уақытша құбылыс дейді мамандар. Мамыр айында жергілікті диқандар өсірген жеміс-жидек саудаға шығады. Сол кезде картоп, қырыққабат, қияр, қызанақтың құны біршама түседі. Алайда, ұнның бағасы қалай болатынын ешкім қазір дөп басып айта алмайды.

Шынар Оразова