Қалада арнайы тіркелген 11 такси компаниясы жұмысын жалғастырады. Оларда 2 адамнан артық жолаушы алуға болмайды. Тіркелмеген такси қызметіне рұқсат етілмейді.
Бұл туралы Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қоғамдық көлік бөлімінің басшысы Наурыз Сүгірәлиев мәлімдеді.
«Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін, тұрғындардың өмірін және денсаулығын қорғау мақсатында, 2020 жылғы 18 сәуірдегі Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің №11 Қаулысына сәйкес, 2020 жылы 19 сәуірден 1 мамырға дейін қалалық қоғамдық көліктің жұмысы уақытша тоқтатылады», — деді Н. Сүгірәлиев.
Айта кетсек, Шымкент қаласының барлық аумағында 2020 жылдың 19 сәуірі сағат 00:00-ден бастап 01.05.2020 жылы сағат 07:00-ге дейін бірқатар шектеулер енгізіліп отыр. Қаулыға сәйкес, қалада қоғамдық көліктер жұмысын уақытша тоқтатады.
Қаланың бас санитары бекіткен жаңа қаулыға сай енді егде адамдардың қалада қатынауына тыйым салынып отыр. Бұл туралы карантин шектеулеріне қатысты өткен брифингте айтылды.
Соңғы шектеулерге сай енді 65 жастан асқан тұрғындар 18 жасқа толған ересек адамның сүйемелдеуімен ғана қалада жүре алады. Карантиндік аумақтарды патрульдеу тәртіп сақшыларына, Ұлттық гвардия, қорғаныс саласының қызметкерлеріне жүктеліп отыр. Бұл шектеулер үстіміздегі жылдың 19 сәуірі мен 1 мамыр аралығында күшінде болады.
Айта кетейік,18.04.2020 жылы жағдай бойынша қалада COVID-19 коронавирустық инфекцияға шалдыққан 58 адам анықталды. Бір күнде Covid-19 13 адамнан анықталған.
Мақпал Рысбаева