Әлемдегі короновирус індетіне байланысты жарияланған төтенше жағдай аясында сақтық шаралары қолға аланды. Инфекциясының таралуына жол бермеу үшін Шымкентте де дайындық режимі енгізілді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты 36 медициналық мекеме күшейтілген режимде жұмыс істей бастады.
КАРАНТИНДЕ 65 АДАМ ЖАТЫР
Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында 150 орындық провизорлық госпиталь жұмыс істеуде. Одан бөлек мұнда 6 адамға шақталған реанимациялық блок ашылыпты. Бас дәрігер Аманкелді Нұрлыбаевтың айтуынша, бүгінгі күні провизорлық госпитальда 65 адам жатыр. Бұған дейін карантинде жатқан — 49 адам үйіне қайтарылыпты.
– Мұнда жатқызылғандардың барлығы бас санитардың бекіткен арнайы қаулысына сәйкес, 1А категориясына жататын 4 мемлекеттен (Иран, Қытай, Италия, Оңтүстік Корея) ұшып келгендер. Жас ерекшелігіне келер болсақ, отбасымен келгендердің арасында 5-6 бала бар. Қалғандары 20-40 жас арасындағы тұрғындар. Бүгінгі таңда карантинге жатқызылған ешбір тұрғыннан коронавирус инфекциясы анықталмады,-дейді бас дәрігер Аманкелді Нұрлыбаев.
Халықаралық стандарттарға сәйкес, госпитальдың маңында ас-ауқат пісіретін бекет, кір жуатын орын, дәріхана орналасуы керек. Дәрігердің сөзінше, жұқпалы аурулар ауруханасында ашылып отырған провизорлық госпиталь сол талаптарға сай жұмыс істейді екен. Барлық қажетті медициналық құрал-саймандар жеткілікті көрінеді. 21 дәрігер 73 орта буын, 73 кіші буын медқызметкері арнайы дайындықтан өтіпті. Олар өте қауіпті инфекция жұқтырған науқастармен жұмыс істеп үйренген.
ЕМХАНАҒА КЕЛЕТІНДЕР АЗАЙҒАН
Қалалық №5 емхананың бас дәрігерінің орыбасары Жанат Көлбаеваның айтуынша, елде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап, емханаға келетіндердің саны біршама азайған. Ол мұны халықтың өз денсаулығына алаңдап, сыртқа шығудан, көпшілік шоғырланатын жерден алыс жүргісі келетінмен байланыстырады.
Оның сөзінше, медқызметкерлер өз учаскесіне тіркелген азаматтарға қоңырау шалып жағдайын сұрайды. Егер азаматтың дене қызуы көтеріліп, жөтелі болса, учаскелік дәрігер оның үйіне сынама алуға барады. Егер жақын арада шекара асқан-аспағанын, үйіне басқа елдерден қонақ келген-келмегенін анықтаса, жедел жәрдем көлігін шақыртып, азаматтарды қалалық жұқпалы аурулар ауруханасындағы провизорлық госпитальға жатқызады.
Дегенмен емханаға жүгінетін де тұрғындар бар. Мұндай азаматтар үшін қаладағы кез келген емханаданың кіре берісінде хабарландырулар мен ақпараттық стендтер ілінген. Онда: дене қызуы бар, жөтел мазалаған тұрғындар үшін арнайы фильтір кабинеті жұмыс істейтіні жазылған. Ол кабинетте дәрігер мен медбике бар. Олар азаматты қабылдап, арнайы құрылғымен дене температурасын тексереді. Егер ондағы көрсеткіш нормадан асса және аурудың белгілері анықталса дәрігерлер арнайы алгоритім қадам бойынша шұғыл әрекет етеді.
Егер де дәрігер «оң» жауап алса, онда шұғыл түрде оқшаулау шаралары жүзеге асырылады. Есік-терезелер бекітіліп, дәрігерлер арнайы киім-кешек киеді. 2 сағаттың көлемінде Денсаулық сақтау басқармасына хабарлама жібереді. Күдікті арнайы жедел жәрдеммен госпитальға жатқызылады. Онда одан сынамалар алынып, тексеріледі.
Егер жауап «теріс» болса, келуші 19.04.2019ж №63 протокол бойынша тұмау не ЖРВИ-ге қарсы емделеді.
А.Ермекқызы
«Оңтүстік Рабат», №12, 18 наурыз 2020