«Мектептегі бармақ басты, көз қысты әрекетті онлайн жүйе жояды». Осылай деген қаланың білім басқармасының басшысы жаңа оқу жылынан бастап мектепке оқушыларды онлайн тіркеу басталатынын айтты. Адами фактор ұстаздар мен директор тағайындауда да жойылмақ.

2019 жылы қалада балабақша тапшылығы толығымен жойылады. Осыған дейін берілген бұл уәде әлі күнге дейін орындалған жоқ. Сөзін осылай бастаған Жанат Тәжиева шымкенттік оқушылардың оқу жетістігінің де өткен жылы әлдеқайда төмендегенін айтады. 3 ауысымды білім беру де мегаполистегі үлкен мәселелердің бірі болып тұр.

Салдарынан қаладағы кей мектептерде бала саны 5000-ға жеткен. Білім басқармасы басшысының сөзінше ата-аналардың көбісі балаларын белгілі мектепке беруге тырысады екен. «Бұл бармақ басты, көз қысты әрекеттің бастауы» дейді Тәжиева. Осыған байланысты қалада балаларды мектепке онлайн тіркеу басталмақ.

Шымкентте қазір 7 жаңа және 6 мектеп құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар 8 жеке мектеп ашу көзделіп отыр. Олардың барлығы да 6000 орындық болмақ.

Назерке Үкібасова