Төтенше жағдай кезінде қаладағы коммуналшылар қызметін тоқтатпады. Қаланы көгалдандыру, жасыл желектің күтімі, әсем гүлдерді отырғызуды жалғастыруда.
Ал арнамыздың тілшілері үйлерінде қалып, еліне қолдау жасаған жерлестеріне келбеті ажарлана түскен сүйікті Шымкентті теледидар, әлеуметтік желі арқылы көруге мүмкіндік сыйлауға тырысты.
Қаладағы әсем гүлзарлардағы жайқалған гүлдер мен жасыл желек көздің жауын алады. Әсіресе қызылды-жасылды жауқазындар демалыс орнына ерекше сұлулық беріп тұр. Керемет үйлесімділікті қолмен жасаған коммуналдық сала қызметкерлері бұл еңбегімізді індеттен құтылған сәтте шымкенттіктер және қала қонақтары бағалайды деген сенімде.
Айнұр Қалымбетова, «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің жұмысшысы: «Жерлестерім еңсесін түсірмесін. Біз жұмысымызды тоқтатқан жоқпыз, қаланы көріктендіріп жатырмыз. Қаупті індет тоқтайды. Сонда далаға шыққан тұрғындар мына әсемдікті көріп көңілдері көтеріледі. Барлығы жақсы болады, уайымдамаңыздар».
Қала тұрғындары өз кезегінде төтенше жағдай кезінде қызметін атқарып жүргендерге алғыстары шексіз. Көктем келіп, айнала құлпырып, жер ана адамзатқа үміт сыйлайды. Әрине мұндай жағдайға жылы сөз, қолдау, әсіресе таң сәріден күн батқанша еңбек етіп жүрген қызғылт сары кұртеше киген қыз- келіншектер мен ерлерге тілек — аман болсын.
Елена, қала тұрғыны: «Азық түлікке дүкенге шыққан едім. Қазір біз мына кезеңде үйде отырмыз. Алайда бұл шектеулер ерте ме, кеш пе алынып тасталады. Біз табиғатпен тамсануға далаға шығамыз. Сұлулық әлемді қорғайды. Біз індетті жеңеміз».
Қалаға көрік берген жауқазындар кілем іспеттес. Түрлі пішінде қырқылған ағаштар мен бұталар демалыс аумағына ғажап сән беріп түр.
Шынар Оразова