Газетімізде бұрыннан бар «Сұрақ-жауап» айдарына енді тұрақты бір бет арнап, әр нөмірде жариялаймыз. Сонымен сізді түрлі тақырыптағы сауалдар мазалай ма? Жауабын нағыз кәсіби маманнан білгіңіз келе ме? Онда газетіміздің WhatsApp нөміріне, info@onrabat.kz эл.поштасына хат жазып, редакцияның 8 (7252) 53-54-17 телефон нөміріне хабарласып, сұрағыңызды айтыңыз. Инстаграмда @onrabat.kz, Фейсбуктағы «Оңтүстік Рабат газеті» парақшасына да хабарласа аласыз.
Біз сіздің әлеуметтен бастап тұрмысқа дейінгі сан сауалыңызға жауап алып береміз.
Бүгінгі тақырыбымыз әділет департаменті, сот орындаушыларының міндеттері мен құқықтары турасында болып отыр. Сонымен Әділет департаментінің құзіретіне не кіреді? Жеке сот орындаушылар дегеніміз кім? Олардың міндеті қандай? Тақырыпқа қатысты оқырман сауалдарына Шымкент қаласы әділет департаментінің атқарушылық өндірістік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Айнұр Исабекова жауап берді.
С: Әділет департаментінің құзіретіне не кіреді?
Ж: Ең бастысы тіркеу саласында бақылау және әдістемелік қызмет көрсету жұмыстарын атқарады. Ол қандай тіркеу деп сұрасыңыз, біріншіден жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу. Сатылған пәтерлер, жер учаскелер және заңды тұлғаларды тіркеу, ЖШС, АҚ сынды заңды тұлғалар. Бәріне белгілі АХАЖ саласындағы бақылау жұмыстары да осы әділет департаментінің құзіретіне кіреді. Бұдан бөлек жергілікті және өкілді органдардың нормативтік құқықтық актілерін тіркеу. Әкімдіктердің, мәслихаттардың шығарған шешімдері мен қаулы, өкімдерін тіркеу жұмыстарын әділет департаменті атқарады. Зияткерлік меншік саласындағы саясатты жүргізу, бақылау, әкімшілік құқық бұзушыларды тіркеу, сот актлерін орындау саласы да осы департамент қадағалауында.
С: Жеке сот орындаушылардың өз жұмысын дамытуы қаншалықты дұрыс?
Ж: Жеке сот орындаушыларының жұмысын дамыту және де мемлекеттік сот орындаушылардың қызметін кезең-кезеңімен қысқарту саясаты елімізде 100 нақты қадам деген ұлт жоспарының 27-қадамында көзделген. Бұл мемлекеттің белгілеген саясаты. Осы белгіленген бағытқа қарай, қазіргі таңда жеке сот орындаушылардың қызметін дамытып жатырмыз. Бұның маңыздылығы мен мәніне тоқталсақ, біріншіден жеке сот орындлаушылар өз-өзін қаржылатындыратын тұлғалар. Оларға мемлекет тарапынан ешнәрсе төленбейді. Осы жағынан әрнине тиімді. Мысалы қазір Шымкент қаласының өзінде 150 жеке сот орындаушы бар. Бұл санға ешқандай шектеу жоқ. Егер де тұлғалар осы қызметпен айналысамын десе тиісті талаптарды орындап, кезеңдерден өтіп қызметке кірісе алады. Неғұрлым көп жеке сот орындаушылары болса, соғұрлым сот актілерін орындау жұмыстары тиімді жүргізіледі.
С: Жеке сот орындаушы-лардың қызметінің ерекшеліктері мен оларға ақы төлеу жауапкершілігі қандай болады?
Ж: Белгілі бір тұлғаның көзқарасымен қарасақ, жеке сот орындаушылары олар үшін жағымды кейіпкер емес. Жеке сот орындаушылары — мемлекеттің белгілеген міндеттерін іске асырушылар. Бізде сот актісін міндетті түрде орындалу керек деген қағида бар. Егер қандай да бір тұлға мемлекеттің немесе басқа бір адамның құқықтарын шектесе, оны қалпына келтіріп, құқықтарының бұзылуына жол берілмеу керек. Осы тұрғыдан қарағанда жеке сот орындаушылардың қызметі әрине тиімді. Ал енді қызмет ерекшеліктеріне келер болсақ, жеке сот орындаушылар өзінің қызметін ҚР Әділет департаменті берген мемлекеттік лицензиясы негізінде жүзеге асырады. Өз қызметін өзі қаржыландырады. Қаржыландыру көзі борышкерден өндірілген қаржыдан құралады. Үкіметтің қаулысы бойынша жеке сот орындаушылар әрбір қызметі бойынша, қандай көлемде қызмет ақысын ала алатындығы белгіленген. Өндірілетін сомасына қарай, 3 пайыздан 25 пайызға дейін алады.
С: Жеке сот орындаушылар қандай шараларды жүзеге асырады, мысалы мәжбүрлеп үйден шығара ала ма?
Ж: Жеке сот орындаушылар өздерінің міндеттерін іске асыру үшін оларға мемлекет заңнамада арнайы өкілеттілікті де берген. Бізден көп азамат: неге ол менің үйіме мәжбүрлі түрде кіреді, мүлкімді неге мәжбүрлі түрде сатуға қояды деп сұрайды. Бұлардың барлығы заңда көрсетілген. Борышкер сот орындаушының шақыртуы бойынша барып, оған түсіндірмесін беру керек. Өздерінің табыс көздері, мүліктері жайлы ақпараттарды ашық айтуы керек. Егер мұны жасамаса, бізде соттың шешімі міндетті түрде іске асырылуы керек болады. Бұл жағдай заңнамада көрсетілген.
С: Жеке сот орындаушылар құзыретін асыра пайдаланған жағдайда оларға қандай шара қолданылады?
Ж: Өкінішке қарай, ондай жағдайлар да кездесіп жатады. Әділет департаментінің бір жұмысы – осы жеке сот орындаушылардың қызметін бақылау. Егер де олардың тарапынан қандай да бір құқық бұзушылық орын алса, оларға қатысты шара міндетті түрде көріледі. Осы жерде статистиканы айта кетсем, өткен 2019 жылы жеке сот орындаушыларға қатысты 150 тәртіптік шара қолданылды. Бұдан бөлек, 12 жеке сот орындаушының лицензиясы уақытша қайтарылды. Және 2 жеке сот орындаушының лицензиясы қайтарылып, жұмысын тоқтату туралы талап арыз енгізілді.
С: Алимент төлеу мәселесі бойынша қандай мәселелер көп кездеседі?
Ж: Алимент төлеушілерде кездесетін басты мәселе олардың табыс көзінің болмауы. Қарызды өндірушінің мүліктері анықталмайды. Бұл ретте сот орындаушылар борышкерді әкімшілік жауапкершілікке тарту шараларын ұйымдастыру керек. Қазір қала бойынша 9000-нан астам алимент өндіру туралы істер бар. Оның ішінде 1300 борышкер өздерінің міндеттерін тиісті деңгейде орындамай жатыр.
С: Әділет департаменті халыққа тегін құқықтық көмек көрсете ала ма?
Ж: Биыл біз осы мәселеге көп көңіл аударып жатырмыз. Көпшілік жиналған жерге барып, халықты мазалайтын сұрақтарға жауап береміз. Заңнамалық тұрғыдан түсіндіру қажет болса ол жұмысты да ұйымдастырамыз. Тіпті адвокаттарды жұмылдырамыз. Бізде көптеген азаматтар белгілі бір мәселені шешу үшін қайда қалай барып, қандай тәртіпте арыз жазуды білмей жатады. Жолдарын таба алмайды. Бұл жұмыстарға біз заңнама факультетінің студенттерін тартып жатырмыз. Бұл жағдай бізде ақпан айынан бері іске асырылып келе жатыр. Ал біздің жұмыс орнымызға келіп мамандардан кеңес алғысы келген адамдарға да есігіміз айқара ашық.
Мекенжайымыз Шымкент қаласы, Желтоқсан көшесі №16 үй. Әлеуметтік желідегі парақшаларымызға да сауалдарын жолдауға болады. Біздің тегін қызмет көрсетуіміз жыл соңына дейін жалғасатынын ескерте кетейін.
С: Менің қарындасым күйеуімен ажырасқан. Күйеуінің табысы көп. Бірақ ол құжатын ең аз жалақы 42500 теңге алатын қылып жасап алған. Сонымен ол аз ғана алимент төлейді. Соны қалай анықтауға болады?
Ж: Бұл өте қиын мәселе. Себебі, сот орындаушы тергеуші сияқты борышкердің қандай деңгейде табыс табатынын анықтай алмайды. Оның жұмыс істейтін жерін де тексеру сот орындаушының құзыретіне кірмейді. Олар ресми түрдегі жалақысы қандай болса, содан ғана өндіру жұмыстарын жүргізе алады. Бұл мәселе жоғары жақтан да бірнеше рет көтерілді. Әзірге шешімін тапқан жоқ. Енді 2025 жылдан бастап, жаппай өздерінің кірісін жария ету яғни декларация қолға алынбақ. Мүмкін сол кезде шешімін таба жатар.
С: Мен екі баланың әкесімін. II топтағы мүгедекпін. Алимент төлеу бойынша қандай да бір жеңілдіктер қарастырыла ма?
Ж: Бұл азамат II топтағы мүмкіндігі шектеулі адам болса, демек мемлекеттен алатын жәрдемақысы бар. Бізде жәрдемақы да табыс көзіне жататындықтан алимент өндіру осы табыстан да жүргізіледі. Заңнамада белгіленгендей осындай түрдегі жәрдемақыдан 25 пайыздан астам алимент өндіріледі. Ал қалған табыс көздерінен 50 пайызға дейін ұсталады. Сондықтан, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін 25 пайыздың өзі жеңілдік.
Жанерке Хумар
«Оңтүстік Рабат», №13-14, 1 сәуір 2020 ж