Бұл 14 күннен бері «Тәуелсіздікке 20 жыл» елді — мекенінен шыға алмай қалған тұрғындар. Блок бекеттің ашылатынын естіген олар бекітілген аумаққа 12 сағат бұрын келіп алған.
Бірі баласына тамақ алуға, енді бірі хәл үстінде жатқан әкесіне баруға асық. Бірақ, тоғытылған тосқауыл бәрібір ашылған жоқ. Себебі заң барлығына бірдей.
Ал, блок бекет ашылғаннан кейін мұндағы көрініс мүлдем өзгерген. Тіпті ашуға мінген тұрғындардың қарасы да көрінбейді. Карантин аяқталғаннан кейін жолымызда кездескен жұрттың бәрі 14 күн бойы үйден шықпағанын айтты. Азық-түлікті үнемдеп қолдандық деген олар тағы да керек-жарағын қамдап, ендігі оқшаулануды өз еріктерімен жалғастырмақ.
Елді — мекен ішінде көшеде жүргендер де аз емес. Көршілерімен көріскен олар далаға бүгін шыққанын айтады. Сөздерінше, бұрынғыдай емін — еркін жүріске жұртшылық әлі дайын емес. Себебі бойдағы қорқыныш сейілмеген.
Дүкеннен де алушылар үзілер емес. Сатушының айтуынша, осы уақыт аралығында тек балалар тағамы мен айран-сүт тапшылығы болған. Бағаларды құбылтпадық деген ол азық-түліктің жеткілікті болғанын айтады.
Блок бекеттің алынып тасталғанымен елді — мекен карантиннен түгелдей құтылған жоқ. Мұндағы инфекция жұқтырған қос науқас табылған көшеде қатаң тәртіп әлі де сақталып қала береді.
Қазіргі таңда Шымкентте барлығы 11 карантин аумағы қалды. Олар «Тәуелсіздікке 20 жыл» елді — мекенінде М. Жұмабаев, «Самал-1» шағынауданындағы Тайманов одан өзге Мақталы, Желтоқсан көшелері мен 8-шағын аудан, Солтүстік Батыс, Қайтпас-1,2, «Сайрам» және «Сәуле» шағынаудандары.
Назерке Үкібасова