Тырау-тырау, тырналар,
Тізіліп қайда барасың?
Сәлемімді ала бар,
Көрсең майдан даласын.
Майданда жүрген әкем бар,
Көрсең сәлем айтарсың.
Сағыныш?!. Майданда жүрген әкесіне деген бала сағынышы!..
«Уақыты жеткенде ұмытылады. Уақыт емші» деп жатамыз. Уақыт өте жаңғыратын, жарасы аршылатын, жаныңды жаурататын да кез болады екен?.. Арада 75 жыл өтсе де жарасы жазылмаған соғыс қасыретіне Шымқала көрермені куәгер болған Премьера өтті.
2020 жылдың 11-ші наурызы күні Шанин театры көрерменін тағы бір жаңа көзқараспен шешімін тапқан қойылыммен қуантты. Толқытты. Тебірентті. Білгенге 75 жыл – ұзақ мерзім. Жарты ғасырдан асып, толық ғасырды таусуға қадам басқан жылдар жиынтығы. Солай бола тұра, сахна төрінен көрерменіне жол тартқан оқиға, уақыт мөлшемін қысқартып, тар заманның зарына жетелей жөнеледі.
«…Айнымай біздер тұрамыз, Отанға кірген аш қасқыр – немістерді қуамыз!..»
Шалғысын арқалаған жасөспірімдердің бар арманы осы қарапайым шумақтарда жатыр. Сұрапыл соғыстың ауыртпалығы ауылда қалған қатын-қалаш, жас балаға қалғаны тарихтан белгілі. Сәкен Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» дармасындағы ауыл балалары: Бақыт- (арт.Е.Тұрымбеков), Қасым /пипин Короткий/ — (арт.Б.Абдухаликов), Аплаш /Қожанасыр/ — (арт.М.Тауасар), Балташ /Кеңірдек/ — (арт.Н.Орынбек), Балшекер /Шегіртке/ — (арт.Н.Ғабит) ересектермен тізерлесе жүріп қырдағы қырмандағы бастан кешірген оқиғаларымен бірде күлдірсе, бірде… Майданда жүрген әкелеріне деген сағыныштан Батталдың (арт.Б.Дәулетжанов) сужұқпас өтірік әңгімесін құшырлана тыңдап, иланғылары келгені көзіңе жас үйіреді. Қан майданда жауынгер фашиспен соғысса, ауылдағы жасөспірім балалар майданға қажет азық-түлікті дайындаумен арпалыс-ты. Жартықұрсақ балалар қарны ашқанда жерге түскен бидайды талғажау еткісі келгенде Батталдың (арт.Б.Дәулетжанов)- «Бұл бидай емес – оқ, оқ! «Қарны ашып» өлмейсіңдер. Ана жақта от кешіп жүрген әкелерің тойып жүрген шығар. Бұларың преступление. Орысша айтқанда под сот кетесіңдер. Нанды алдымен майданға жөнелту керек!» деп өре түрегелгенінен жасөспірім-дердің жегілген ауыртпашы-лықпен қатар аштықты кешкенін көріп, жаның жаурайды. Бала арман жұмыстан сәл қолдары босай қалса майданда жүрген әкелерін сағынып, жеңісті аңсайды. Сағындырған жеңісті тезірек жеткізгісі келіп, майданға сұранған сахнадағы Военкоммен (арт.А.Қалыбеков) болған тартыста Қасымның (арт.Б.Абдухаликов) – «Сіз менің бойыма қарамаңыз. Соғыс басталғалы шөгіп қалған бойды кемітіп қайтесіз. Әкеңіз, ағаларыңыз майданға кетіп, бар үйдің жұмысы мына мойныңызға түссе, сіз де өспей қалар едіңіз» – деген сөзінде қатаймаған иығымен ауыл тіршілігін сүйреген бала ғұмырдың ақиқатын көреміз.
Соңғы сахнада соғыстан қайтпаған солдаттардың портреттерін көтерген артистер шыққанда, тұла бойың еріксіз түршігеді. Сарғайған портреттердің сыры бар. Сонау 1942 жылы, театрымыздың тұңғыш кәсіби режиссері Халел Шаженов, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» драмасын сахналайды. Ақан серіні өзі, Ақтоқтыны кейін Халық артисін алған жары Жұмабике Серікбаеваға ойнатады. Екеуі сахнада ойнап тұрып, ғұмырлық қоштасады. Олай деуім: майданға шақыру қағазы келген он сегіз жауынгер-актер премьераға жолқапшықтарын арқалай келеді. Премьера біткен соң, гримдерін шешіп, отбасыларымен соңғы шәйін театрда ішіп, Шымкент вокзалына сап түзейді. Сол кеткен он сегізден – екеуі ғана тірі қайтты. Халел Шаженов, небәрі алты айдан соң Украина жерінде қаза тапты. Өнер мен өмірді қатар сүйген Актер-ғұмыр, осылайша майдан даласында ажал құшады. Қойылым соңындағы сахна – Шанин театрының майдан даласында қаза тапқан актерлері мен барша құрбандарға қойылған ескерткіш іспеттес әсер етіп, көзге еріксіз лықсытып жас келтірді.
Қандай да бір қойылымның көрермен көкейінен шығуы — режиссер мен сценографтың шешімін артистердің жеткізе білу үндестігіне тікелей байланысты. Қоюшы-режиссер, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Қуандық Қасымов пен сценограф, ҚР Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұловтың идеялық көзқарастары жымдасуы мен бүгінгі көрермен талғамын дөп басып таба білген шеберлігін актерлік шеберлікпен іліп кеткен қойылым сахнадан сөйледі.
Қойылымның «сахнадан сөйлеуі» – театр үшін үлкен жетістік! Бақыттың- (арт.Е.Тұрымбеков) қиқулай ұшып бара жатқан тырналарға:
Тырау-тырау, тырналар,
Майданда жүрген әкем бар.
Артында қалған ел-мекен
«Хат салып тұр», – деп айтарсың…- деген сағыныш сәлемін көргенде, бүгінгі
бейбіт тіршілікте шалқып өмір сүріп жатқан біздерге ұмыт болған «майдан
перзенттерінің» қым-қуыт тағдырын көріп отырып, іштей «болмасын соғыс?!»
деп, еріксіз тілейсің.
Сая Қасымбек,
Шанин театрының
әдебиет бөлімі меңгерушісі
«Оңтүстік Рабат», №13-14, 1 сәуір 2020