Редакцияға хабарласқан оқырманымыз әңгімесін: «Жала жапқан адам мен оның сөзіне сенушілер — ең қауіпті адамдар. Олардың жазасы қашан да ауыр болады» деп бастады. Туған сіңлісінің жалған жала құрбанына айналған хикаясын баяндаған ол қиянат жасағанның ешқайсысы жазасыз қалмайтынын айтады.
«Сәлеметсіздер ме? Мен сіңлімнің басынан өткен оқиғасын баяндағым келеді. Бір әке-шешеден екі қызбыз. Әкеміз бала күнімізде өмірден өткен. Анам бізді өсіріп, аяққа тұрғызу үшін барын салды. Ешкімнен кем қылмай жеткізді. Мені құтты орныма қондырды.
Сіңлімнің мектеп қабырғасынан жүретін жігіті болды. Анам екеуміз ол жігітті жақсы танитынбыз. Өте жақсы бала болатын. Сіңлім бойжеткен сайын үйге келіп, құда түсушілер көбейе бастады. Оларға қызымыздың таңдағаны бар екенін айтып, шығарып салатынбыз. Сіңлім мен болашақ күйеубала екеуі университет бітірген соң үйленетіндері туралы жоспарын айтып жүретін,-деп хатын әу, бастан бастапты.
– Олардың татулығына, бір-біріне деген түсініктеріне қайран қалатынбыз. Бірін-бірі көз арқылы ұғатын.
Көрші ауылдың бір жігіті сіңлімді көздеп жүргені жайлы әңгімені құлағым шалып қалды. Сіңлімнен үш жас үлкен екен. Бірақ, «сіңлімнің жігіті бар екенін біледі, не істей алар дейсің» деп бейғам жүрдік.
Алайда ол жігіт оған қарамапты. Сіңлім 3-курста оқып жүргенінде оны алып қашты.
Мұны үйімізге қуғыншы келген кезде бір-ақ білдік. Анам алып-ұшып маған хабарласты. Тез арада барып, алып қайтуымды өтінді. Мен де бірден сіңлімнің жігітіне хабар бердім. Ол олкезде Алматыда еді. Автобусқа билет алып жолға шықты. Маған қалайда болса сіңлімді қайтарып алып кететінін айтты. Мен барып, сіңлімді алып кетпек болғаныммен қызды қайтара алмадым. «Әжелерді аттап кетпеу керек, некелері қиылып қойды» деген сан түрлі сылтаумен сыртқа шығармады. Жалынып, балалардың бақытына тосқауыл болмауымды өтінді. Әйтпесе, менің де шаңырағымның шайқалатынын жеткізіп, қорқытытты. Сонымен не керек, сіңлімді қайтара алмай жатқанда ағарып таң да атты. Алматыдан жігіті де келіп жетті. Ештеңеге қарамай, ешкімнің сөзін тыңдамай, сіңлімді алып шықты. Сол жерден тіке өз үйіне келін қылып алып барды. Біз де қарсы тұра алмадық. Апыр-топыр беташар болды.
Кенжемізді қолдан ұзату арманымыз жайында қалды.
Оған қатты назар аудармадық. «Бастысы, балалар бақытты болса болғаны» деп ақ батамызды беріп қала бердік.
Сіңлімнің басына түскен қиын жағдай осы кезден басталды. Жігіті оны алып қашып, үйінің табалдырығын аттаған күннің ертеңіне сенімсіздік таныта бастапты. Әлгі жігіттің үйінде өткізген бір түнге күмәнмен қарапты. Оған себеп, әлгі жігіт сымақ, күйеу балаға келіп: «келіншегіңмен бірге болдым, қыз болмай шықты?» депті.
Міне, сол бір ауыз сөз оның көкірегіне күдік ұялатып, сіңліме деген махаббатын ұмыттырды.
Сіңлімнің айтуынша, жігіті екеуі: «бәрібір үйленеміз» деп қосылып қойыпты. Сондықтан да күйеуі алып қашқан жігіттің: «Қыз болмай шықты» деген өтірік сөзіне илана кеткен. Ал сіңлімнің күйеуінің алдында ары таза екеніне, ол түні абыр-сабыр болған ағайын-жұрттың ортасында отырғанына сенбеген. Сенімге сызат түскен соң, бәрі бұрынғыдай болмайды екен. Қатты қиналып, жылап жүрген сіңілімнің тағдыры мені де алаңдатты. Алып қашқан жігітке барып, неге олай айтқанын сұрағым келді. Бірақ сіңлім рұқсат етпеді. Сөзге сеніп, отбасымыздың шырқы бұзылғанын білсе, оның көңілі көтерілетінін, оның бар қалауы сол екенін айтып, тоқтатты.
Біз ол адамға ештеңе білдірмегенімізбен, бәрі оның қалағанындай болды. Сіңлімнің күйеуі одан күн санап, алыстай бастады. Құдай-ау, бұрын-соңды араларында мүлдем махаббат болмаған сияқты. Олар бір-біріне адал болуға ант ішкен олар қас-қағым сәтте жауға айналды.
«Неге бүйтті, шынайы махаббат неге бір тұтам өтірікке алданды» деп таң қалдық. Бұл жайлы анамызға айтпадық. Себебі, оның денсаулығына алаңдадық. Мәселенің тігісі жатып, орнына келеді деп сендік. Күйеу баланың әке-шешесі де «басқаның қолынан алып келген қызды неге үнемі жылатасың» деп таң қалады екен. «Мүмкін балалы болған соң қояр» деп сіңлім сабырлық танытты. Бірақ біз ойлағандай болмады. Баласын жақсы көрсе де әйеліне деген сезімі өзгермеді. Керісінше күн санап өрши түсті. Уақыт өткен сайын шектен шықты. Бір күні қол жұмсады. Мен шыдап отыра алмадым. Сөйтіп, жағдайды өз қолыма алуды жөн санадым. «Сен шыдасаң да далада жатқан қыз емессің, жалған сөзге сеніп, сенің абыройыңды аяққа таптатпаймын, сен үндемей шыдамдылық танытқан сайын ол сол өтірікке сеніп, сені басынып отыр. Сондықтан ертерек басыңды ашып ал. Жолдарыңды екіге айырыңдар» деп шорт кестім.
Соңында бәрі жақсы болатынын айтудан жалықпайтын сіңлім өзінің де қатты шаршағанын айтып, менің бұл ұсынысымды қабылдайтынын айтты. Анамызға жігіт үйленген соң қатты өзгеріп кеткенін айттық. Бірақ, шындықты ашып айтпадық.
Сіңлім менің алдымда да, күйеуінің алдында да қанша рет ант-су ішті. Ондай жағдай болмағанын айтып, өтірік жала екеніне сендіруге тырысты. Мен сенем ғой, әрине. Бірақ, күйеуінің көзін шел қаптады. Сол өтіріктен басқа ақпаратты қабылдағасы да келмеді. Тіпті, сіңлім ақталған сайын, күйеу баланың күдігі арта түсті. Үнемі қол жұмсауды әдетке айналдырған соң, ажырасуға бел буды. «Оның сенімін қайтарам» деп жүріп, қалай суынып кеткенін де байқамай қалған.
Сіңліме сенбегенімен қоймай ажырасқысы да келмейтін боп шықты. Бірақ біз соңына дейін шыдадық. Мен айтқанымда тұрып, оларды ажырастырып алдым. Сіңлім ұлын өзіне алды. Анамызбен бірге тұрады. Баланың әкесі ажырасқаннан кейін де тыныштық бермеді. Үнемі келіптынышын алады. Алайда ата-анасы екінші рет үйлендірген соң басылды.
Жаратқан қашан да әділ ғой. Қазіргі әйелі 5 жыл болды, сәби көтере алмай жүр. Анау сіңлімді бірінші алып қашқан жігіт те үш рет ажырасты. Бейшара қыздың көз жасына қалып, оның болашағына балта шауып, көз жасын көл қылған екеуі де өз жазаларын алды.
Қазір бұрынғы күйеуі кешірім сұрап, бәрі бұрынғыдай болсын деп келіп жүр. Алайда сіңлімді түсінетін, оны шынайы жақсы көретін адам бар. Олар отбасын құрмақшы.
Айтайын дегенім, жала жабушы мен оған сенушілер ешқашан жазасыз қалмайды екен. Жалған сөз бір адамды қаншалық өзгертетініне де куә болдық. «Адамның сарасы» деп жүрген кісі бір сәтте айуанға айналып шыққанын да көзіміз көрді.
Бір жағынан «Жаратқан осындай адамнан сіңлімді сақтандырған шығар» деп те ойлаймын.
Ендігі отбасымен бақытты болса екен.
Ол жыламаса екен. Маған бауырым қашан да ыстық. Дер кезінде ажырастырып алғаныма қуанам. Дегенмен, қыздарға айтарым: отбасылы болмай, жігіттің үйінің табалдырыған аттамай жатып, ешқашан төсектес болмаңыздар. Бұл тек сізге ғана кесірін тигізеді. Ал жігіттер түк болмағандай жүре береді.
Жанерке Хумар
«Оңтүстік Рабат», №12, 18 наурыз 2020ж