Басталғанына тура 1 жыл болған «Жолда қабылдау» республикалық акциясы бұл жолы ерекше форматта өткізілуде. Елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты азаматтарды қабылдау онлайн режимде яғни, Түркістан облысы Полиция департаментінің ресми «Фейсбук» парақшасы арқылы тікелей эфирде ұйымдастырылуда.
Осы бойынша алдын ала тұрғындарға әлеуметтік желі арқылы ТО ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығы, полиция полковнигі Алмасхан Тастанбековтің жауап беретіні туралы хабарланып, құлағдар етілді. Соның нәтижесінде тікелей эфир барысында азаматтардан көптеген сұрақтар қойылып, арыз-шағымдары мен мәселелері көтеріліп, белсенділік танылды.
Кейбір тұрғындарымыз карантинге байланысты, оның ішінде блок-бекеттерге қатысты сауалдарын жолдаса, кейбіреулері түрлі қылмыстар бойынша уәждерін жеткізді. Және әрбір сұраққа нақты жауаптар берілді.Өз кезегінде тұрғындарда өздерінің алғыстарын жеткізіп, «керемет» деген смайликтер жолдап отырды.
Оған қоса, полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков тұрғындарға үйден шықпай отыруды қатаң ескертіп отырды. «Бұл өзіңіздің саулығыңыз үшін қажет. Мүмкіндігінше үйде болыңыздар. Сыртқа тек аса қажеттілікпен, мысалыға дәріханаға, азық-түлікке шығыңыздар. Қыдырып, той-тойлауды уақытша тоқтата тұрыңыздар. Әрқайсымыз белгіленген шектеулерге мойынсынып, үйде болу керекпіз. Сонда ғана мына індеттен арыламыз» деп атап өтті.
Негізінде «Жолдау қабылдау» акциясының негізгі мақсаты — халықтың полицияға деген сенімін арттыру, кері байланысты нығайту, ашықтықты қалыптастыру болып табылады.