Шымкентте тамыз айында қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесі енгізіліп, дифференциаланған тариф қолданылмақ.
Аптаның әр сейсенбісінде қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы көлік компанияларының құрылтайшыларымен кездеседі.
Бұл жолы талқыланған мәселелердің өзектілеріне тоқталсақ. Ол көлік саласындағы реформа, қоғамдық көлікте электрондық төлем жүйесін енгізу, дифференциаланған тариф. Сондай-ақ жаңа бағыттар желісін құру, жаңа автобустарды сатып алу, тасымалдаушыларды субсидиямен қамтамасыз ету.
Талғат Хосчанов, Шымкент қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Қоғамдық көлікте жол жүру тарифы өзгермейді. 70 теңге болып қала бермек. Алайда электрондық төлем жүйесі енгізілсе дифференциаланған тариф қолданылады. Ол дегеніміз карточкасы болмаған азамат, қала қонағы делік 100 теңге қолма қол төлейді. Алматыда электрондық төлем жүйесі енгізілгенде дифференциаланған тариф екі есе өсті. Алайда Шымкентте көпбалалы, аз қамтылған отбасылары ескеріліп дифференциаланған тариф 100 теңге көлемінде болмақ».
Қаланың бас көлікшісі электронды төлем жүйесін енгізу жолаушылардың шын санын анықтауға, көлеңкедегі табысқа қол жеткізуге жол бермей, тиімді бағыттар желісін құруға мүмкіндік береді дейді. Нәтижесінде тасымалдаушылар барлық салық түрлерін төлейтін болады. Және жұмыс орындары, жалақы бойынша барлық мәліметтер ашық болады.Жаңа жүйені қалалықтар да қолдауда.
«Карточкамен жақсы. Төлем жасап ешқандай күрделілік болмайды».
«Карточка дұрыс, бірақ қолма-қол есеп айырысуды да қалдырған жөн. Біреудің карточкасы болмайды, үйде қалдырып кеткенде» дейді қала тұрғындары.
Айта кетейік, бүгінде шымшаһарда 1047 автобус жолаушы тасымалдайды. Электронды төлем жүйесі енгізілсе, контролерлардың қажеттілігі болмай қалады. Ешкім аялдамаларды айғайлап жолаушыларды шақырмайды. Есесіне мыңнан астам тұрғын жұмыссыз қалмақ. Қоғамдық көлікте тегін жүру құқығына Шымкентте әзірге 14 мыңдай азамат ие болмақ. Олар: Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл ардагерлері, Батыр аналар, Алтын және Күміс алқа иегерлері ,зағип жандар және олардың күтушілері.
Қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасындағылардың мәлімдеуінше электрондық төлем жүйесі карточкаларын 500 теңгеге қала аумағындағы дүңгіршектер мен сауда нүктелерінде сатып алуға болады.
Шынар Оразова