Үйсіз-күйсіз жандарды жерлеу үшін 2,5 млн. теңге бөлінген

305

Шымкент қаласында бір айдың ішінде 400-ден астам өлім дерегі тіркелді. Олардың арасында туған-туысы жоқ азаматтар да бар. Бірақ, бұл жандардың моласы бөлек орналасқан. Үй-күйсіз көшеде жүріп, жан тапсырғандардың жерлеу рәсімі қалай өтеді? Және оларды іздеп келетін туыстары табыла ма?


Бұл жер халық арасында «Христиан мазараты» деп аталып кеткен. Бірақ, бұл молада тек осы діннің өкілдері жерленбейді. Аумағы 50 гектарды алып жатқан мазаратта туған туысы жоқ жандар да жер қойнына тапсырылған.


Ұзыннан қазылған бұл қабір көшеде жүріп жан тапсырған адамдарға арналған. Сала мамандарының сөзінше қараусыз қалып, қайтыс болғандар әсіресе қыста көбейеді. Мәселен үш айдың өзінде даладағы өлім дерегі 100-ге дейін жетеді. Көбіне үй-күйсіз азаматтар үсіктен ажал құшады екен. Ал, оларды жерлеу үшін бюджеттен 2,5 млн теңге бөлінеді.


Шайхислам Кемелхан, Шымкент қалалық энергетика және тұрмыстық шаруашылығы басқармасының бас маманы: «Туған-туысы жоқ бір адамның жерлеуіне 30 мың теңге бөлінген. Ал, жалпы бюджеттен бөлінген қаржының көлемі 2,5 млн. теңге. Мұндай жағдай бір жылда 60-тан 100-ге дейін жетеді».


Далада тек үй-күйсіз азаматтар емес, жол апатынан, не денсаулығы нашарлап көз жұматындар да кездеседі. Ажалы көшеде келген мұндай жандардың кейбірінен құжаты табылмайды. Кім екенін белгісіз мұндай азаматтардың денесі 10 күн бойы мәйітханада жатады. Егер жақыны сол күйі іздеп келмесе, жер қойнына тапсырылады.


Жамалбек Бекбердиева, Шымкент қаласы ПД тергеу басқармасының орынбасары: «Аты-жөні белгісіз адамның жерлеуінен соң, араға бір жыл салып туған-туыстары іздеп келетін кездер болады. Біз ол мәйітті жер қойнына тапсырмас бұрын суретке түсіріп аламыз. Және денесіндегі ерекешліктерді ескеріп, қойын дәптерге түртіп қоямыз. Егер туған-туыстары келген болса, суретті көрсетеміз. Кей жағдайларда жақындары денені басқа жаққа жерлеуге әкетеді. Немесе, мұсылман болса, құран оқытып, көк тас қояды».

Шымкент қаласында туған-туысы жоқ азаматтардың өлім дерегі соңғы рет ақпан айында тіркелген. Ал, жалпы Шымкентте күніне 10-14 адам қайтыс болады. Тұрғындар көбіне денсаулығы сыр беріп көз жұмады екен. Айта кетейік, оларға қабір қаржыға сатылмайды.

Шайхислам Кемелхан, Шымкент қалалық энергетика және тұрмыстық шаруашылығы басқармасының бас маманы: «Айта кетейік, жерлеуге берілетін жер ешқашан да сатылмайды. Көп адамдар жерлеу рәсіміне берілетін қаржыны дене қойылатын жер үшін бердік деп ойлайды. Ол олай емес. Егер де сондай заңсыздық болса, бізге арызданса болады.»

Жалпы Шымкент қаласында бір айда 400-ден астам өлім дерегі тіркеледі. Қаңтардан бері қаламызда 1141 азамат көз жұмған. Оларды жерлеу үшін қалада 75 мазарат бар. Барлығы 360 гектар жерден әр мәйітке 6 шаршы метр бөлінеді. Оны күтіп баптау үшін 88 млн. теңге қаралған.

  Назерке Үкібасова