Әкім уәде еткен көпқабатты үйде жөндеу жұмыстары басталды

204

 

«Нұрсәт» шағынауданындағы жас отбасылар қоныстанған тұрғын үйлер жөнделе бастады. Небәрі 4 жыл бұрын пайдалануға берілген №19, 20 көпқабатты баспаналардың қабырғалары қақырап тұрған.

Сапасы сыр берген бұл нысандар бір айдың ішінде қайта қалпына келтіріледі дейді билік өкілдері. Құрылыс шығыны қалай өтеледі? Шенеуніктер сапасыздыққа жол берген мердігерлерді олқылықты түзетуге міндеттей алды ма?

Құрылысшылар 4 жыл бойы жыр болған баспаналардың қасбетін жөндеуге кірісті. Алайда жөндеу жұмыстарын тұрғын үйді әу баста салған мердігер компания емес, өзге мекеме жүргізуде. Осылайша жергілікті құрылыс компаниясы қаланың шырайын қашырып тұрған нысандарды қайта қалпына келтіруді өз мойындарына алып отыр. Бұл құрылысшылардың ТМД елдерінің мәдени астанасы атанған Шымкентке тартуы екен. Қазіргідей қысылтаяң кезеңде жомарттық танытқан компания жұмысшылары тоз-тозы шыққан қабырғаларды жаңалап беретін болды.

Мердігер компанияның прорабы: «Қазір әрлеу жұмыстарын бастап жатырмыз, жұмысшылар, материалдар жеткілікті» дейді.

Айта кетейік, қала әкімі Мұрат Әйтенов осыдан бірер апта бұрын халықпен кездесіп, сапасыз құрылыстың жайына қаныққан болатын. Ай сайын ас-ауқатынан жырып, тұрғын үй кредитін төлеп жатқан тұрғындардың жағдайын ескерген шаһар басшысы баспаналарға жөндеу жүргізу үшін жан-жақты тетікті қарастырып жатырмыз деп уәде еткен-ді.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Мердігердің қателігіне тұрғындар кінәлі емес. Сабырлық танытыңыздар, демеушілермен де сөйлесіп жан-жақты қарастырып жатырмын…».

Осыдан 4 жыл бұрын тұрғын үйді тұрғызған мердігер компания үшін нысанның сапасына берілген 5 жылдық кепіл мерзімі де аяқталмаған. Алайда, сапасыз құрылысқа қатысты шағымдардан көз аша алмай қалған компания жұмысын тоқтатып тынған.

Бірақ заңды түрде банкрот деп жарияланбапты. Қаланың құрылыс басқармасы да мердігерді сотқа беріп жеңіп шыққан. Дегенмен, әзір жауапсыз құрылыс компаниясынан қайран болмаған. Сондықтан да шенеуніктер бұл түйіткілдің түйінін демеушілер арқылы тарқатуды жөн деп тауып отыр. Ал олқылықтарды қалпына келтіруі тиіс құрылысшыларға қандай шаралар көрілетіні әзірге белгісіз.

Мақпал Рысбаева