Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бастамасымен облыс орталығында орналасқан бірқатар сауда орындарындағы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың баға тұрақтылығына монтиорингтік бақылау жұмыстары жүргізілді.

Мониторингтік топтың құрамында Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай, облыстық «Нұр Отан» партиялық филиалының бақылау жөніндегі инспекторы Асқар Еркінбеков пен Түркістан қаласы әкімдігінің бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Гүлжамал Даханова, Арнайы мониторингтік топ мүшелері мен «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері, сондай-ақ қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері болды.

Ең алдымен, топ мүшелері қала тұрғындары жиі бас сұғатын «Шапағат», «Дастархан» ірі сауда орталықтарына арнайы барып, төтенше жағдай кезінде халыққа аса қажетті азық-түлік өнімдерінің баға тұрақтылығына зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Мониторингтік бақылау барысында бірінші сортты ұннан жасалған бидай нанының орташа бағасы 70-80, тазартылған ақ күріштің бір келісі 279, ал 1 литр күнбағыс майы 434 теңге және ас тұзы 49, бір келі қарақұмық жармасы 327 теңгені құрап, бекітілген тұрақты шекті бағамен сатылымға шығарылып жатқандығы белгілі болды.

Сондай-ақ, қала әкімдігіне қарасты жауапты бөлім тарапынан қатаң бақылау жұмыстарының жүргізілуі нәтижесінде, аталған сауда дүкендерінде қалыпты баға тұрақтылығы мен санитарлық талаптардың қатаң сақталғандығы байқалғанымен, бірқатар кемшіліктер де анықталды.

Мәселен, халық жиі тұтынатын 9 түрлі азық-түлік тауарларының (ұн, нан, макарон, күріш,сиыр еті, тауық жұмыртқасы, күнбағыс майы, ас тұзы, қарақұмық жармасы) шекті бағасы көрсетілген нұсқаулықтардың көпшіліктің көзі түсетін орындарда орналастырылмағандығы және кіші азық-түлік дүкендерінде шекті бағадан өсіру деректерінің кездескендігі мәлім болды.

Сәйкесінше, жеке кәсіпкерлерге ескертпелер беріліп, сауда нысанындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер бекітілген шектік бағаға келтірілді.

Айта кетсек, Агенттіктің Түркістан облыстық Департаменті осындай қызылтаяң шақта халыққа қажеттілігі жоғары тауарларды негізсіз өсірудің жолдарын болдыртпау мақсатында қоғамдық бақылауды тұрақты түрде жүргізіп тұратын болады.