Өркениеттен жұрдай ауыл…

384

Ордабасы ауданындағы Бетас ауылы тұрғындарының жарықсыз отырғанына бір аптаға жуықтады. Өркениеттен жұрдай болған ауылдың мәселесі электр тоғымен ғана тоқтамайды.

Жарық өшкелі ауылда су да жоғалған. Тіршілік нәрін электр желісі арқылы алып отырған олар әкімдікке де жүгініпті. Алайда одан шыққан қайыр болмады дейді ашынған жұрт.

Ашуға булыққан бұл жұрт Шұбарсу елді — мекеніндегі Бетас ауылының тұрғындары. Қараңғы түнекте қалдық деген олар бес күн бұрын мұндағы трансформатордың күйіп кеткенін айтады. Бұған дейін де әрең істеп тұрған жабдықты жұрт талай рет жөндеген. Алайда бұл жолғы зақым әлдеқайда зор болыпты. Салдарынан 40 отбасы жарыққа жарымай, майшаммен отыруға мәжбүр.

Сапасыз жарықтың кесірінен түнекті былай қойғанда жұрт ішер астан да қағылыпты. Себебі істен шыққан тоңазытқыштағы барлық ішіп жем бүлінген. Өркениеттен жұрдай ауылдың жыры мұнымен бітпейді. Жарық өшкелі мұндағы су да көзден ғайып болған. Өйткені Шұбарсудағы су электор тоғымен ғана шығады.

Тұрғындар ауыл әкімдігіне арызданудан қажығанын айтады. Уәде беруден әрі аспайтын әкім бес күннен бері бір сөзді қайталап келеді екен.

Бірақ елдің бұл сөзімен ауыл әкімі келіспейді. Сөзінше ол ауылдағы жағдайды бүгін ғана естіген. Енді міне жарықты қосуға кірісіпті.

Жұртты уәдеге қарық қылған әкім тағы да бұрынғы әдетінен жаңылған жоқ. Сөзіне сенсек 5 күннен бері жарықсыз отырған ауылға бүгін электр көзі қосылады. Бірақ бұл қуаныштың қанша уақытқа жететіні белгісіз.

Назерке Үкібасова