Адамзатқа кереғар болып табылатын есірткіге қатысты қылмыстылық қоғамды ерекше алаңдататыны белгілі. Ал оларды әйел азаматтарының жасауы — тіпті ақылға сыймайтын дүние деуге болады.
Әйелдер арасындағы есірткі қылмыстылығы жүз пайыз жойылды деп толық сеніммен айта алмаймыз, алайда ол жөніндегі амал-әрекеттердің жүзеге асу мүмкіндігі бар.
Көбінесе әйелдердің есірткі қылмысымен айналысуының басты себебі: жайсыз отбасылық жағдайы, оңай табыс көзі және есірткі тәуелділігі болып табылады.
Әйелдер арасындағы тіркелген есірткі қылмыстылығы жөнінде Түркістан облысы республика бойынша 13-орында.
Осы бағыт бойынша кейінгі 3 жылдың қылмыстық жағдайын алып қарасақ, төмендеу динамикасы байқалады. Яғни, 2017 жылы – 12, 2018 жылы – 10, 2019 жылы – 4, 2020 жылдың өткен айлары бойынша – 1 дерек.
Наркодиспансер есебінде тұратын әйелдердің саны да төмендеуде, яғни 2018 – 2019 жылдары – 11 әйел тіркелген болса, 2020 жылы бірде-біреуі тіркелмеген.
Есірткі затын қабылдаудан соңғы рет 2012 жылы 1 әйел көз жұмған болатын, одан бері мұндай жайттар өңірде орын алмаған.
Ал ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі ретінде 2016 жылы 1 әйел есірткі қылмысы бойынша жауапқа тартылса, одан бері мұндай дерек тіркелмеген.
Жалпы әйелдер арасында есірткі қылмысын болдырмау мақсатында қылмыстық қудалау органдары жыл сайын жоспарлар түзіп, арнайы профилактикалық іс-шаралар жұмыстарын жүргізуде. Есірткі қылмысына қарсы бағытталған құқыққорғау органдарының жұмыстарын үйлестіруді прокуратура жүзеге асырып келеді.