Шымкенттік қайырымды жандар қасиетті айда игі істі қайта жалғады. Бұл жолы ізгі амалды шымкенттік кәсіпкерлер жасады. Азық-түлік толы 200 қорапты олар тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлерге үлестірді.

Ізгі амал жасаудан алдына жан салмайтын шымкенттіктер бұл жолы 200 қорапты азық-түлікке толтырды. Бір қорапты жасақтау үшін 15 мың теңге кеткен. «Нұр Отан» партиясы мен жергілікті кәсіпкерлер осылайша қасиетті айда қайырымдылық жасауға кірісті. Қажетті заттардың барлығы мұқтаж отбасыларына жөнелтіледі.

Карантин басталғалы қаланың біраз азаматы жұмыссыз қалып, табысынан айрылған еді. Бұл жағдай әсіресе көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылары мен зейнеткерлерге оңай тиген жоқ. Бірі балаларына ішер ас табуға қиналса, зейнеткерлер азық-түлік алу үшін далаға шығудан қалған.

Тізімді аудан әкімдіктері жасақтаған. Азық-түлік тек қолдауға зәру жандарға жеткізілмек.

Назерке Үкібасова