Шымкент қаласында коронавирус індетімен күресте 26 емдеу мекемесінде жалпы 2 764 медицина қызметкері жұмыс істейді.

Білікті мамандардан жасақталған дәрігерлер жұқпалы аурулар ауруханасы, карантиндік стационарлар, жедел жәрдем станциясы, емханалар мен зертханалық орталықтарда тынымсыз еңбек етуде. Медицина мамандары алғашқы күннен бастап науқастарға қолдан келген көмегін жасауда. Тіпті наурыздан бері үйлеріне бармаған дәрігерлер бар. Ақ халатты абзал жандар күнделікті дертпен бетпе-бет келіп, эпидемиялогиялық жағдайдың өршуіне қарамастан өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне көмек көрсету туралы тапсырмасына сәйкес Шымкентте Төтенше жағдай режимінде жоғары жүктемемен еңбек еткен 2126 медицина мамандарына наурыз-сәуір айларында еселеп атқарған еңбегі еленіп, республикалық бюджеттен үстемақы ретінде бөлінген 799.22 млн теңге берілді.

Медицина қызметкерлері жұмысының қауіптілігіне қарай 3 топқа бөлінген. Бірінші санаттағы өте қауіпті жағдайда жұмыс істеген 24 қызметкерге 8,749 млн., екінші санаттағы қалыпты жағдайда жұмыс істейтін дәрігерлер мен фельдшелерге және өзге де 977 медицина мамандарына 294,848 млн. теңге бөлінді.

Ал үшінші деңгейдегі қауіпсіздік жағдайында жұмыс істейтін 1126 медицина маманына 91,166 млн. теңге қаражат қаралған.

Үстемақы алғандар — реанимация бөлімдерімен қоса алғанда, жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, карантиндік аймақтағы орта және кіші медицина қызметкерлері. Сондай-ақ, провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері мен жедел жәрдем көліктерінің жүргізушілері.

Наурыз айында елімізде жарияланған төтенше жағдай режимінде уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген медицина мамандарына 394,77 млн теңге берілді.

Қарапайым халықтың денсаулығы үшін өз басын бәйгеге тіккен ақ халатты абзал жандарға сәуір айында 514,969 млн теңге беру жоспарланған.

Шымкент қаласындағы мемлекеттік медициналық ұйымдарда жалпы 3226 дәрігер мен 8493 орта буынды медицина мамандары күн-түн демей жұмыс істеп жатыр.

Одан бөлек үстемақы алмаған 4 медициналық мекемеде еңбек ететін 500-ден астам қызметкерге сыйақы берілді. Демеушілер есебінен 25 миллион теңге қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы мен № 2 қалалық аурухана қызметкерлеріне берілді. Сыйақыдан «Мейірім» және «Атамекен» оңалту орталықтарындағы карантин режимінде тынымсыз еңбектеніп жатқан медицина мамандары да шет қалмады.

Жұмысына адал дәрігерлер қауымы тәулік бойы жұмыс істейді. Қазірде қаладағы медициналық ұйымдардағы 300-ден аса қызметкерлер қонақүйге жайғастырылған. Бұл — қауіпті ошақта жұмыс істейтін ақ халатты абзал жандардың отбасын сақтау мақсатында және қауіпсіздік жұмыстарын күшейту үшін қолға алынған қадамдар.