Шымкенттегі әскери гарнизон сотында былтыр жазда бүкіл елді дүр сілкіндірген Арыстағы жарылысқа қатысты сот ісін қарау басталды.
Бүгінгі тыңдауда судья сотталушылар және олардың қорғаушыларымен танысты. Сот мемлекеттік тілде өтуіне байланысты бұл іске орыс тілінен аудармашылар да шақырылған.
Айта кету керек, аталған іс бойынша 16 сотталушы, 25 авдокат, 1500-ге жуық жәбірленуші бар. Сотталушылардың барлығы — әскерилер. Олар Арыстағы 44/859 әскери бөлімі мен Қорғаныс министрлігіндегі полковникке дейінгі жоғары шенді лауазымды тұлғалар. Елдегі карантин режиміне байланысты Нұрсұлтан қаласындағы сот залымен онлайн байланыс орнатылып, іске қатысты азаматтармен танысу жүргізілді. Жауапкерлер мен олардың қорғаушыларының көптігі соншалық, Шымкенттегі әскери гарнизон сотында екі залға бөліп орнаталастырып, бейне конференция арқылы тілдесті. 16 сотталушыға тағылған айып әр түрлі. 448 томнан тұратын қылмыстық істе әскерилерге қызметіне салғырттық, оқ-дәрі пайдалану мен оны қолданудағы талаптарды сақтамау, сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу сияқты айып тағылып отыр.
Еске сала кетейік, өткен жылдың 24-маусым күні Арыстағы әскери бөлімнің оқ-дәрі сақтайтын қоймасында жарылыс болып, бүкіл Арысты және 4 бірдей сол маңайдағы елді мекен жұртын аяғынан тік тұрғызған еді. Техногенді апат салдарынан 3 адам мерт болып, 30-ы жарақат алған болатын. Жан-жаққа ұшып жарылған снарядтар салдарынан 9 мыңнан астам нысанға зақым келіп, 406 үй жарамсыз қалған еді. Ресми ақпаратқа сүйенсек, жойқын жарылыстың зардабы 143 млрд теңгені құраған.