«Бақытта ана» мен «бақытты әйел» ұғымдарының арасында қандай байланыс, нендей айырма бар екенін жете түсінесіз бе? Редакциямызға хат жолдаған кейіпкер әңгімесін осылай бастапты. Кейіпкер хатынан түйгеніміз – ерлі-зайыпты жұп арасында ешқандай жасырын сыр болмауы керек.

Сәлеметсіздер ме, «Оңтүстік Рабат» газетінің ұжымы. Қазіргі карантин кезінде тек коронавирус туралы жаңалықтар оқи беру де адамды қажытады екен. Сондықтан адамдардың ойын сәл де болса басқа жаққа аудару үшін басымнан өткен оқиғаны айтып бермекпін.
Қазір жалғыз өзім тұрамын. Екі қызым бар. Оларды құтты ұяларына қондырғаныма да біраз жылдың жүзі болды. Немерелеріммен арасында келіп тұратындары болмаса, бөлек тұрады.
Екі қызымды дүниеге әкелмес бұрын 10 жыл бойы бір перзентке зар болдым. Қаралмаған дәрігерлеріміз қалмады. Дәрігерлер екеуімізде де ешқандай кінә жоқ екенін айтып, күтуге кеңес беретін.
Жолдасым екеуіміз бір-бірімізді сүйіп қосылдық. Шаңырақ көтермес бұрын 6 жыл таныс болдық. Бірге жүрдік. Сондықтан көңіл-күйімізді қабағымыздан және көзқарасымыздан бағамдаймыз.
Екеуміз шаңырақ көтерген соң ұзақ уақыт баламыз болмады. Сонда да 9 жылға дейін қатты ұрысқан кезіміз жоқ.
Оныншы жылы сөзге келіспей қала беретін болдық. Болмашы нәрседен басталған ұрыстың соңы жанжалға ұласатын кездер көбейді.
Ол мені басқалардан қызғанатын.
«Сен әдемісің, кез келген еркек бірінші саған назары ауады. Бұл маған ұнамайды» деп сыртқа да көп шығармайтын. Той-томалаққа ертіп барса да тезірек қайтып кететінбіз. Соңында оның себепсіз қызғанышынан қорқып мен де бармайтын болдым.
Қанша рет оған ажырасуымыз керек екенін айттым. Ол көнбеді. Бір күні қатты ұрысып қалдық. Сол ұрыс болатын күннен бір күн бұрын бөлем «ауылға барып, нағашы әпкеміздің туған күніне қатысып қайтайық» деп ұсыныс айтқан еді. Мен бас тартқанмын.
Күйеуіммен арамыздағы жанжалдан соң бірнеше күнге керек заттарымды жинадым да отағасына айтпай, бөлеммен бірге ауылға кетіп қалдым. Нағашы әпкеміздің туған күніне арналған кеш өмірімді 180 градусқа өзгертті.
Жолдасыма қатты ашулы болғандықтан ба, әлде бір перзентке зар болып күйзелісте жүргендіктен бе, өз шамамды білмей, сол күні өте көп ішімдік іштім. Есімді де білмеймін. Туған күнде сол ауылдың кәсіпкер жігіті де болды. Бізден 5 жасқа кіші екен.
Сол жігіт қайта-қайта маған қарап отырғанын байқаған едім. Ол «кәсібін дөңгелетем» деп жүріп-жүріп, жасы келіп қалса да үйленбеген жігіт екен. Көп ішкенім соншалық, таңертең сол жігіттің қойнында ояндым. Жалма-жан тұрдым да ешкімге ештеңе айтпас-тан, ешкіммен қоштаспастан бірден әкемнің үйіне кеттім. Күйеуімнің көзіне қарауға бетім жоқ. Сондықтан өз үйіме де бармадым.
Ол келіп, менен кешірім сұрап алып кетпек болғанда да бұрынғыдай ере жөнелмедім. Ойлануымыз керек екенін, шамалы уақыт бөлек тұрып көрейік деп қайтардым. Көп ойландым. Қателігім ішімді жегідей жеді. Өзімнен ұялдым. Қатты қиналдым. Осылайша әкемнің үйінде жатқаныма да 2 ай болды.
Бір күні жүкті екенімді білдім. Туған күн кешіндегі бір рет қателіктен көтеріп қалған екенмін. Не қуанарымды, не жыларымды білмедім.
Не істерімді білмедім? Бұл жағдайдан күйеуіме айтуым керек екенін білемін. Амалсыз әкеме барлық жағдайды айтуға бел будым, өйткені кішкентайымнан шешеммен емес, әкеммен сырласып өстім.
Әкем қиналған кезімде үнемі дұрыс жол көрсететін еді. Анамыз ерте қайтыс болған . Әпкем екеуміз бар сырымызды әкемізге айтып үйренгенбіз.
Болған жағдайды әкеме айттым. Әкем басқа адамнан бала күтіп жүргенімді, мақсатты түрде емес, бір сәттік құмарлықтан болған жағдай екенін күйеуіме ашық айтуға кеңес берді.
Әкемді тыңдап жолдасыма бар жағдайды айттым. Ол шындықты мен күткеннен де сабырлы түрде қабылдады. Тіпті ашуланбады. Керісінше мүлдем күтпеген жауап алдым. «Бұл баланы бірге өсірейік» деп ұсынысын білдірді.
Оның мінезді адам екенін білем. Ашуланғанда өзін ұстауы қиын. Сондықтан ажырасуымыз керек екенін айттым.
Қаншама жыл бірге тұрдық, сүйіп қосылдық. Сондықтан екі жаққа кетуіміз өте қиын болды. Қимастық сезімі бізді қатты қинады. Әкем күйеуіме шындықты айтқан соң, баланың әкесіне де бар шындықты айтуым керек екенін ескертіп еді.
Ажырасқан соң оған да бәрін айттым. Ол менімен үйленуге дайын екенін білдірді. Қатты қуанды. Сол кезден кейін бірнеше рет іздеп келген кезде жолықпай қойған едім. Жолдасыма деген сезімім болса да мен баламыздың әкесіне тұрмысқа шықтым. Бірақ сезімсіз тұрмыс құру өте қиын екен. Ажырасқым келді. «Қызымды өзім бағып, жеке тұрсам» деп ойланып жүрдім. Тұңғышымыз қыз болды. Жиі ауырып, үнемі есінен танып қала берді. Екіншісін туып алуды жоспарладым. Екінші баламыз да қыз болды. Уақыт өте келе тұңғышымның да денсаулығы жақсарып кетті. Осылайша айналдырған екі жылда екі қыздың анасы атандым. Бірақ ажырасу ойымнан қайтпадым.
Әкеммен сөйлесіп едім. «Бақытсыз болсаң, күйеуіңмен сөйлесіп, түсіндіріп көр» деді.
Күйеуіммен үнемі ұрысамыз. Оның үстіне ауылда тұра алмадым. Тіпті үйде көп болмайды. Сондықтан сөйлесіп, ажырасуға шешім қабылдадық. Ол да ата-анасына қарайтын ауылдың қарапайым қызын алатынын айтты.
Әйтсе де оған көп рахмет. Мені түсінді. Бірақ балаларын ештеңеден кем қылмады. Барлық шығынын мойнына алды.
Осылайша екінші некем де сәтсіз аяқталды. Өкінбедім. Өйткені бірінші жолдасым ешқашан ойымнан кетпейтін. Менен ажырасқан соң, ол басқаға үйленген жоқ. Маған үнемі хабарласып, жағдайымды сұрап тұратын. Менің ажырасқанымды білген бойда қайта қосылуға ниет білдіріп келді. Менен басқа ешкімді жақсы көре алмайтынын айтты. Қыздарымды өз қыздарындай көрмесе де бауыр басуға тырысатынын жеткізді.
Жоғарыда айтқанымдай ол – өте мінезді адам. Оны әлі жақсы көрсем де қыздарым үшін оған қайта тұрмысқа шықпадым. Басқа адамға үйленіп, бақытты болуын тіледім.
Ендігі бар арманым – екі қызыма жақсы ана болып, соларды өсіріп, жеткізу еді. Мен ұсынысын қабыл алмаған соң, бірінші күйеуім маған ренжіп, басқа әйелге үйленді. Онымен 3-4 жылдай бірге тұрды да тағы ажырасты.
Сол күні маған келді. Балалы болмауымыздың себебі өзінен екенін айтты. Онымен бірге тұрған 10 жылда адал болғаныма, шалыс басқан кезде оны алдамай бар шындықты айтқаныма қатты ризашылығын білдірді.
Соның бәрін айтып, үйімнен шығып кетіп бара жатқанда машина қағып қайтыс болды. Оның өлімі маған өте ауыр тиді. Бірге тұрмасақ та аман болғанын қалайтын едім.
Ол мені ешқашан жалғызсыратпады. Қандай көмек керек болса, жанымнан табылды. Өмірде шын сүйген жалғыз адам. Оның қайғысы қатты ауыр тиді. Содан кейін ешкімге тұрмысқа шықпадым. Өзіме берген сертте тұрдым. Қыздарымды өсірдім. Ақылды, білімді боп бойжетті. Туған әкесімен әлі де қарым-қатынаста.
Әкелерінің екінші некесінен туған інілерімен жақын араласып тұрады. Ал мен бірінші жолдасымды ешқашан ұмытпадым. Зиратына үнемі барып тұрамын. Сырласамын. Ол маған өте жақсы жар болды. Бір-бірімізді қатты жақсы көрдік. Бір өкініштісі сондай жақсы, білімді, ақылды адамның ұрпақсыз өмірден өткені жанымды жегідей жейді.
Оған қайта қосылмауыма тағы бір себеп – оның менің жадымда қашан да осындай биік қалпымен, жоғары мәртебеде қалуын қалағаным еді.
Мен бақытты анамын, бірақ бақытты әйел болмадым.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №17-18, 29 сәуір 2020ж