Шымкентте нөсер жауыннан бүтін үйлер құлаудың аз-ақ алдында тұр. Апатты жағдай Бадам өзені аумағында бола жаздады.

Ағын судың арнасы толып кеше, қоршауды да қиратып әкеткен. Салдарынан су үй астындағы жерді жұмсартып, топырақты тоқыратып жатыр. Ал, ондағы тұрғындар шұғыл түрде басқа жаққа көшірілді.

Нөсер жауыннан тасыған сел Шымкентті де айналып өткен жоқ. Кеше кешкі сағат 22:00-де Бадам өзені бойындағы көше тұрғындары жедел түрде көшірілді. Себебі ағын су арнасы күшейіп, бөгетті жұлып әкеткен. Осыдан кейін қызыл су үйлер орналасқан жерді шая бастапты.

Құдайберген Жанұзақов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қатты жаңбыр жауғаннан су көтеріле бастады. Кешкі сағат онда мүлдем көтеріліп кетті. Толқын болып келді. Негізі сездік осындай жағдай болатынын. Кейін үйге келіп, құжаттарыңды алып дайын жүріңіздер деді. Көліктер де келіп тұрды. Әкім де осы жерде түнімен жүрді».

Тұрғындар мұндай қауіптің өздеріне алғаш рет төніп тұрмағанын айтады. Мұндағы селдің жүруі 30 жылдан бері қайталанып келеді екен. Тіпті кесірінен 20 жыл бұрын 10 үй құлап, 3 адам қаза тапқан дейді тұрғандар. Бірақ, болған жағдайда шенеуніктер ешқандай сабақ алмаған сыңайлы.

Ғалымжан Болмысов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Үнемі қорқынышта болатынбыз. Себебі үйіміздің жанындағы Бадам өзені жиі көтеріледі. Одан баспанамыздың астындағы топырақ жұмсарып, құлайды. Үстіндегі үйімізге кесірі тимесе екен деп тілеп отырамыз. Негізі Бадамда 6 жылдан бері бөген құрылысы жүргізіліп келеді. Бірақ, әлі күнге дейін аяқталмаған. Мердігер компанияның біреуі бастайды, екіншісі жалғастырады. Осымен ешқайсысы аяқтай алмай келеді».

Оқиға орнына қала әкімі де келді. Аумақты қарап өткен ол тұрғындармен жүздесіп, қазіргі жағдайларымен танысты.

Айта кетейік, бүгінде Еңбекші ауданына қарасты Гаухартас көшесіндегі 2 үйдің тұрғындары көшірілген. 28 азаматқа мектепке тұру ұсынылған екен. Алайда олар туған-туысының үйіне кетіпті.

Жанар Ермекбаева, №84 жалпы орта мектебінің директоры: «Біз тұрғындарды мектепке қабылдауға дайынбыз. Ол үшін төсек жабдықтарын әкелдік. Оны осында жұмыс істейтін санитарлық қызметкерлер жеткізді».

Топан су ғимараттарды ақыры қиратпай қоймады. Түс ауа үй ауласындағы сарай құлады. Осыған қарағанда селден төніп тұрған қауіп әлі де сейілмеген сыңайлы.

  Назерке Үкібасова