Шымкент қаласының Тұран шағынауданында бүгінде көп қабатты 42 үйдің құрылысы басталған. Тағы 26 үйдің жобасы әзірленуде. Оның үшінде 16 қабатты — 4 үй, 8 қабатты — 12 үй, 9 қабатты 15 үй бар. Олардың жобасы мамыр айында сараптамадан шығады деп күтілуде.

Мұнан өзге көп қабатты 20 үйдің жобалық сметасын әзірлеуге байқау жарияланып, мердігер мекеме анықталған. Жалпы жыл соңында дейін Тұран шағынауданында 88 үйдің құрылысы басталады. Бұл жөнінде құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов қала әкімі Мұрат Дүйсенбековтің алдында баяндады.

«Қазір Тұранда «Отау строй», «АРТ құрылыс», «АҚ ордасы» секілді 7 мердігер мекеме құрылыс жүргізуде. Бүгінде іргетас шұңқыры қазылып, бетондау жұмыстары жүріп жатыр», — деді басқарма басшысы.

Іргетасы қаланып жатқан әр үйдің құрылысын аралап көрген Мұрат Дүйсенбекұлы жұмыс қарқынына көңілі толмайтынын ашып айтты. Құрылысшылар санын көбейтіп, жұмыс қарқынын күшейтуді талап етті. Салаға жауапты басшыларға бақылауды күшейтуді тапсырып, аптасына екі рет есеп алатынын ескертті.