«ANTIKOR.LIVE» жобасы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т. Серікбаев пен «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Ж. Қамбардың қатысуымен онлайн кездесу өтті.

Тікелей эфир барысында Талғар Серікбаев бизнесті лауазымды тұлғалардың заңсыз араласуынан қорғау орган қызметіндегі маңызды басымдық болып табылатынын атап өтті.

«Әкімшілік қысым жағдайында әрбір кәсіпкер бізге жүгіне алады.
Осы ретте, Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясының мемлекеттік санитарлық инспекторы және жеке зертхананың санитарлық дәрігеріне қатысты тергеу жұмыстары аяқталды.

Олар, мал шаруашылығы өнімдерін қала базарларына әкелген кезінде санитарлық сертификаттарды беру үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алды деп күдіктелуде. Қазіргі уақытта аталған адамдар сотқа берілді» – деді ол.

Ағымдағы жылы бизнесті қорғау аясында 15-ке жуық кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары қалпына келтіріліп, олардың қызметіне заңсыз араласқаны үшін 4 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған.