«COVID-19″ індетіне шалдыққандар ВИЧ-инфекциясын жұқтырған науқастарға қолданылатын препараттар қабылдайды». Бұл туралы «СҚ-Фармация» ЖШС-нің басқарма төрағасы Берік Шәріп мәлімдеді.

Коронавируспен ауыратындарға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кеңес берген дәрі-дәмектер де қолданылады екен. Қауіпті дертке шалдыққандарды емдеу қалай жүргізіледі? Шымкенттегі эпидемиялық ақуал қай деңгейде?

Әлем жұртшылығын есеңгіреткен қауіпті дертпен әр ел шама-шарқынша күресіп әлек. Ал жергілікті дәрігерлер COVID-2019 ауруына шалдыққандарды ведомство бекіткен бірқатар препараттармен емдеп жатыр.

Басқарма төрағасының айтуынша, инфекцияға шалыддақандар қабылдайтын дәрі-дәрмектердің бірі – «алувиа лопинавиры». Бұл препарат ВИЧ-инфекциясын жұқтырған пациенттердің ағзасына қысымды азайту үшін қолданылады екен.

Берік Шәріп, «СҚ-Фармация» ЖШС-нің басқарма төрағасы: «Жалпы дәрігер ретінде айтар болсам, коронавирус та – вирустың бір түрі. Сол себепті ағзаға түсетін вирустың қысымын азайту үшін қажетті препараттар қолданылады. Біз бұл препаратты 10 мың адамға арнап ақпан айының өзінде дайындап қойған болатынбыз».

Төтенше жағдай тоқтатылып, карантин шектеулері жеңілдетілгені сол еді, Шымкентте санитарлық ақуал қиындап кетті. Диагностикалық зерттеу нәтижелері бойынша бүгіннің өзінде 31 науқаста COVID-19 диагнозы анықталған. Оның 14-і вирусты жұқтырғандармен жақын қарым-қатынаста болған, 5-і ЖРВИ белгілерімен ауруханаға жатқызылған дейді денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.

Лаура Мамыр, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы: «Қазіргі таңда науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында коронавирус инфекциясына шалдыққан 211 науқас дертінен сауығып үйіне шығарылды. Сондай-ақ коронавирус диагнозы қойылған 294 науқас ауруханада ем қабылдап жатыр. Ауруханада жатқан науқастар емдеу хаттамасына сәйкес, тиісті ем қабылдауда».

Министрлікке қарасты басқарма төрағасының айтуына қарағанда, елімізде әзірге препараттардың қоры жеткілікті. «Коронавирусқа қарсы алдын ала гидрослихлорит, хлорино-фосфаттарды әкелдік. Бұлардың бәрі де клиникалық хаттамаға сәйкес арнайы нұсқаулықпен пайдаланылады» дейді серіктестік басшысы.

Мақпал Рысбаева