Шымкентте су тасқынынан зардап шеккен Елтай шағынауданы тұрғындарына қаржылай көмек көрсетілді. Бүгін «Қызыл ай» қоғамы мен «Болат Өтемұратов қоры» өкілдері 91 отбасына 50 мың теңгелік банк карточкаларын таратты.

Қызыл судан зардап шеккен тұрғындарға көрсетілетін өзге де көмектер көп.

Су тасқынынан жарамсыз күйге түскен тұрғын үйлердің бірі Кенжеевтердің баспанасы. Төтеншеліктер тонналап су шығарса да үйдің төргі бөлмесінде әлге дейін су көлкіп тұр. Апатты жағдайдағы баспанаға кіруге болмайтындықтан бұл отбасы қазір далада түнеп жүр. Жойқын судан зәресі қалмаған тұрғындар әлі күнге дейін ес жия алмай келеді.

Айжан Кенже, тұрғын: «Жұмыстан келгенім сол еді, үйге су атқылап кетті. Қорқып кеттік. Үйде әкем болған. Бәрімізді сыртқа шығарды».

Азаматтық қоғам өкілдері бұл тұрғындарға қаржылай көмек көрсетті. Отбасының бес мүшесіне 50 мың теңгелік банк карточкаларын табыстады.

Айта кетейік, тасқын су Елтай шағынауданындағы 38 үйді зақымдаған. Алайда, баспаналардың дені тек ағымдағы жөндеуді талап етеді дейді мамандар. Мұнан бөлек 12 қора-қопсы құлапты. Қираған нысандардың құжаты болмағандықтан, мемлекет тарапынан өтемақы төленбейді. Ал жарамсыз қалған баспаналар жөнделіп, жуық арада тұрғындар игілігіне пайдалануға беріледі дейді төтеншеліктер.

Ерғали Бақаев, Шымкент қаласы ТЖ департаменті бастығының орынбасары: «56 үй жарамсыз болып қалған. Оларды жөндеп береміз. Құрылыс жұмыстары басталды».

Есеп айырысу карточкалары 91 отбасының 500-ден астам тұрғынына таратылып берілді. Бұл тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға едәуір көмек. Айта кетейік, су тасқынынан келтірілген шығын көлемі әлі анықталып жатыр.

Мақпал Рысбаева