Карантин кезінде Шымкент қаласында 7000 сәби дүниеге келген. Оларға беріліп жатқан есімдер де төтенше жағдаймен тығыз байланысты болып тұр.

Біріне, Үміт аты берілсе, енді біріне Жақсылық, Думан есімдері қойыла бастаған. Шымкент тұрғындарының балаларына қойған есімдерінің ерекшелігі мұнымен бітпейді. Соңғы кездері үшінші мегаполистіктер өз балаларына ел басшысы, қала әкімі мен әншілердің аттарын жиі қоя бастапты.


Әденовтердың тұңғышы төтенше жағдай режимі кезінде туылған. Қатерлі індет дендеп, жұрт үрейде жүргенде дүниеге келген сәбиге Думан есімі беріліпті. Бұлай деп немересіне атасы ат қойған. Шақалақтың туылын жақсылыққа балаған қария коронавирустың осымен кетуін ырымдаған екен. Және бәрінің той-думанға ұласуын тілеп Думан есімін таңдады дейді жас отбасы.


Әлжан Әбен, сәбидің әкесі: «Баламның атын атасы қойды. Осы сұмдықтың барлығы тезірек аяқталып, той-думанға ұлассын деген ниетпен Думан деп атадық. Алла қаласа, барлығы жақсылықпен аяқталсын.»


Жалпы төтенше жағдай режимі басталғалы Шымкентте 7000 сәби дүниеге келген. Карантиннің алғашқы айында балаларға Үміт, Жақсылық, Думан есімдері берілсе, Рамазан басталғалы, Оразаайым, Рамазан және Раяна есімдері жиі қойылатын болған. АХАТ бөлімі маманының айтуынша ырымшыл тұрғындардың таңдауы президент, әкім мен әншілердің де аттарына түседі екен.


Айгүл Абдукаримова, Шымкент қаласы АХАТ бөлімінің маманы: «Балаларға негізінен қазір хан, сұлтан, бұрынғы қала әкімі мен әншілердің есімдері беріліп жатыр. Шымкенттіктер Керейхан, Ақсұлтан, Ілияс, Төре, Томирис, Әбунасыр, Ыбырай, Хантөре, Даниял, Ғабидолла есімдерін таңдайды. Ал, төтенше жағдай режимі басталғалы Думан, Жақсылық, Үміт аттары қойылуда. Рамазан айы басталғалы Оразайым, Рамазан, Раяна есімдері танымал бола түсті».

Шымкент қаласы бүгінде халық саны мен туылуы бойынша елімізде 8 — орында тұр. Үшінші мегаполистің тұрғындары 1 млн. 46 мың 425-ке жеткен. Ал, Қазақстан халқының саны 18 млн. 690 мың 145 болыпты. Осылай деп мәлімдеген статистика комитенің бөлім басшысы қаламызда ерлерден гөрі әйелдердің көп екенін айтады.

Ербол Қуатбеков, Шымкент қалалық статистика департаментінің бөлім басшысы: «Шымкентте тіркелген тұрғындардың 500 мыңы ер азаматтар болса, 546 мыңы әйелдер. Қалада халқының саны көші-қоннан емес, табиғи өсіммен көбеюде. Жыл басталғалы қалада 10 мың сәби дүниеге келген».

Еске сала кетейік, осыдан тура екі жыл бұрын Шымкентте миллионыншы тұрғын дүниеге келген еді. Қалаға үшінші мегаполис атағын алуға себепкер болған бүлдіршін қыз биыл 2 жасқа толды.

Назерке Үкібасова