Шымкентте төтенше жағдай режиміне қарамай көлеңкелі бизнесін жалғастырғандар құрықталды. Олар Абай ауданы әкімдігі мен прокуратура өткізген рейд кезінде анықталған.
Жүгенсіздік көрсеткендер арасында жынойнақ жердің қожайындары мен оған келетін тұрғындар бар. Осы уақытқа дейін қалада тәуліктік пәтер алам деп 33 тұрғынның басы дауға қалған екен.
Қалада кешкі сағат 22:00. Бұл кезде шымкенттік полицейлер түнгі кезекшілікке кіріседі. Олардың негізгі жұмысы төтенше жағдай режимінде тәртіп бұзушылыққа жол бермеу. Сөздерінше, соңғы күндері карантинге қарамай көше кезіп жүретіндер көбейген.
Көшеде кешқұрым себепсіз жүргендерімен қоймай, тұрғындар бетпердені де елемейтін күйге жетіпті. Бір сағаттың өзінде ондай 10 адам кездесті. Солардың бірі қонаққа барып, үйіне келе жатқан мына ер азамат. Бірақ, ол енді үйіне емес бөлімшеге барады.
Аты сағаттық пәтер берумен танылған 8-шағынаудан да жым-жырт болмай шықты. Тексеру барысында мұндағы үйлердің бірінен үш ер адам мен бір келіншек құрықталды. Бір пәтерге жиналған олар қалаға қыдырып келіпті-мыс. Бірақ, неге екені белгісіз камераны көрген бойда бойжеткен басқа бөлмеге қаша жөнелді.
Шымкентте төтенше жағдай режимі бекітілсе де, 8 -шағынаудан, Айбергенов көшелеріндегі көлеңкелі бизнес тоқтамаған екен. Бұл маңнан осы күнге дейін 200-ден астам құқықбұзушылық анықталып, 17 пәтер иесі жазаланған. Тағы 33 тұрғын пәтер жалдағаны үшін 15 тәулікке темір торға тоғытылыпты.
Шымкентте тәртіп сақтамаған тұрғындар тізімі мұнымен бітпейді. Рейд кезінде тағы жұмысын тоқтатпаған дүкендер де анықталды. Олардың қожайындарына әкімшілік хаттама толтырылды. Кейін тәртіп бұзған 11 адам бөлімшеге жеткізілді. Олардың ендігі жағдайын сот шешеді.
Назерке Үкібасова