Коммуналдық өтемақы: 15 мың теңгеге құжаттар қабылданып жатыр

141

Шымкентте 28 мыңнан астам тұрғын коммуналдық төлем жеңілдігіне жүгінген. Әзірге олардың тең жартысы ғана көмекке қол жеткізе алады.

Қалған өтінштер қаралу үстінде дейді жауаптылар. Тиісті заңнамаларға енгізілген өзгертулерге сай енді бұл жәрдемге өтінім бере алатын азамттар саны көбейіп отыр.

Төтенше жағдай кезінде қабылданған шешімнің шарапатын кімдер көре алады? Шымкент қаласы әкімдігінің бір топ қызметкері қазір коммуналдық төлем бойынша тұрғындардан өтініш қабылдауда. Колл орталықтағы мамандар осы тақырыптағы барлық сауалдарға жауап береді. Орталыққа абоненттік дербес шоты жоқ, пәтер жалдап тұратын тұрғындар да жиі жүгінеді екен.

Азамат Шәріпов, Шымкент қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының маманы: «Өтініш иесінің дербес шоты болу керек кейбір категориялар бойынша туысқандық дәрежесі анықталған жағдайда төленеді».

Айта кетейік, 21 сәуірден бастап келіп түскен 28 мың өтініш иесінің тең жартысының жеке шоттары тексеріліп, оң шешімін тапқан. Ал, 12 мыңнан астам азаматтың өтініші қазір зерделенуде екен.

Ал Түркістан облысында бұл көмекке бас-аяғы 385 мың адам өтініш білдіре алады. Әзірге небәрі 25 мың тұрғыннан өтінім келіп түскен. Бүгіннен бастап өңірде коммуналдық қызметтерді өтеуге өтінім беру үшін арнайы бот іске қосылды.

Болатбек Бақытжан, Түрксітан облысы Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары: «Бүгін 11 млрд. теңге осы мақсатқа бөлінді. Дүйсенбіден бастап қаржы коммуналдық мекемелердің шотына отырғызыла бастайды».

Өтінім берушінің мәліметтері талапқа сай келсе, қаржы автоматты түрде абоненттік шоттарға аударылады. Коммуналдық қызмет шығындарын өтеу карантиннің қашан жарияланғанына қарамастан екі айға төленеді. Келесі аптаның ішінде шымкенттік және түркістандық тұрғындар коммуналдық төлем жеңілдіктеріне қол жеткізе бастайды.

Мақпал Рысбаева