Коронавирустан емдейтін дәрігер әңгімесі

515

Коронавирус індеті әлемді шарлады. COVID-19 вирусы табылып, шекарасы қызылға боялған барлық елде дәрігерлер жұқпалы дертпен күресіп жатыр. Пандемиямен күрес дәрігерлер өміріне де қауіп төндіріп, оларды да қауіптің қақ ортасында қалдырды. «Адамды аман алып қалу – міндетім, парызым, борышым» деп білетін дәрігерлер қауымына адамзаттың алғысы шексіз. Міне, сондықтан да көп алғыстың шамамыз жеткен белгісі ретінде газетімізде дәрігерлер хикаясын жария-лап отырмыз. Коронавирус жұқтырған науқастарды емдейтін дәрігер Александр Вальтер хикаясын жазып алдық. Кентау қалалық орталық ауруханасында қызмет ететін реаниматолог-анестезиологы Александр Вальтердің артқан жүгі ауыр, жауапкершілігі жоғары. Оның айтары – көп…

Айта кетелік, 2020 жылдың 12 мамырындағы жағдай бойынша Түркістан облысында коронавирус індетін жұқтырғандар саны 186 адам болды. Індеттен айыққандар саны – 101 адам, қайтыс болғандар – 1 адам.
Ендігі әңгіменің әлқиссасы, Александр Вальтерде…

Кентау қалалық орталық ауруханасының реаниматолог-анестезиологы — Александр Вальтер — төрт баланың әкесі, отбасының тірегі. Ол 2 сәуірден бері үйіне бармаған. Себеп біреу – әріптестері сияқты ол да короновируспен күресіп жатыр.
Бүгінде ол қызмет етіп жүрген жұқпалы аурулар ауруханасында короновирус дертін жұқтырған 39 науқас емделіп жатыр. Бұдан екі апта бұрын олардың саны – 50 адамнан асатын.

Александр Олегович Вальтер – Кентаудың тумасы. Түркістан қаласындағы медицина колледжін тәмамдаған. Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-де оқып, жоғары диплом алған.
Медицина саласында 20 жылдан бері бел жазбай еңбек етіп келе жатқан ол еңбек жолын дәрігер көмекшісі (медбрат) қызметінен бастапты.
Біліктілігін арттырып, шет елдерде тағылымдамадан өткен ол бүгінде дәрігер реаниматолог-анестезиолог дәрежесіне жетті.
Айтуынша, басқа салада өзін елестете алмайды. Егер қайта мамандық таңдау бақыты бұйырса, ойланбастан осы жолды қайта жүріп өтер едім дейді.
Сондықтан болса керек, 2 сәуір күні аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде короновирус дертімен жатқан науқастарға көмектесуге шақырту келгенде ойланбастан қабыл алыпты.
Осылайша отбасынан оқшауланып, оларды бірнеше айға дейін көрмейтініне іштей көндіккен.
Қалыптасқан жағдайға тек кейіпкеріміз ғана емес, оның әйелі Раушан да дайын еді. Себебі ол да — дәрігер. Жағдайды айтпай-ақ жақсы түсінеді. Тек бұл жағдайды балалардың қабылдауы қиынға соғыпты. Күн сайын әке мейіріміне бөленіп жүрген балаларға әкесін бірнеше күн көрмей қалу оңайға соқпайды.
8 жасар Аяла, 3 жасар Олег пен бес айлық егіздер Андрей мен Саша әкелерін сағына, сарыла күтіп, үйде отыр.


Әкесін телефоннан көріп, сөйлеседі. Алайда бұл олардың әкеге сағынышын баса алмайды-ақ.
Александр мен әріптестерінің кезекшілігі — 17 күнге созылды. Осы аралықта 25 адамнан тұратын: инфекционистер, эпидемиологтар, реаниматологтар, терапевтер, педиатрлар, мейірбикелер мен тазалықшылар үйіне бармай, қызмет етті.
– Біз жұқпалы аурумен ауыратын науқастарды бұған дейін де емдеп келдік. Бұған дейін: қырым қанды безгегі, туберкулез, АИТВ (ВИЧ) және басқа да диагнозбен түскен науқастармен тығыз жұмыс істедік,- деп бастады әңгімесін Александр Вальтер.
Оның сөзінше, олар әрдайым қырағы жүреді. Үстіне киген арнайы киім де сақтайды.
– Бастасы ауызбіршілік екен. Осы 17 күнде ауруханадан шықпадық. Бұл қиын қыстау кезең бір-бірімізді тануға да септігін тигізді. Әдетте жұмысқа келесің кезекшілік атқарасың да үйге қайтасың. Қанша жылдан бері бірге жұмыс істесек те дәл қазіргідей бір-бірімізді танымаппыз. Ал қазір осы 25 адам бір отбасына айналдық,-дейді Александр.
Айтуынша, тынығып, демалу үшін оларға бір бөлімше беріліпті.
– Бәріміз сонда түнедік. Сонда тұрдық. Мұндай режим әйелдер үшін оңайға соқпады. Жылағандар да, күйзелгендер де болды. Отбасында болған қуанышты жағдайды ұялы телефоннан естігендерін бізге айтып, бірге қуандық. Қаншалықты қиын болса да бұл – біздің жұмысымыз, біздің міндетіміз екенін түсіндік. Сондықтан да бір-бірімізге демеу болуға, сүйеніш болуға тырысып бақтық. Ауруды жұқтыру қаупі жоғары екенін жақсы түсіндік. Сондықтан да әрбір іс-әрекетімізді ойланып жасауға тырыстық,-дейді Александыр Олегович.

Айтуынша, осындай қиын сәтте жақын жандардың ғана емес, барша тұрғындардың жылы сөзі, демеуі күш-қуат беріп тұрды. Жасыратыны жоқ, қалалық орталық аурухананың жанынан инфекциялық госпиталь ашылып, оған короновирус індетін жұқтырған науқастарды орналастыруға қатысты теріс пікір білдіргендер де болды. Қолдау көрсеткендер олардан да көп болыпты. Дәрігерлерге түрлі тәттілерді, жеміс-жидектер мен тіпті, ет асып, палау басып жібергендер де табылыпты.
– Біз үшін халықтың осындай дархан көңілі, жомарттығы барлық мақтау-мадақтаудан да қымбат. Ілтипатына дән ризамыз,-дейді дәрігерлер.

Бүгінде ел арасында короновирус індеті туралы алып-қашпа әңгіме желдей есіп жүр.
– Біреулер оның барына сенбейді. Үкіметтің саясаты деп айтады. Алайда, мен бұл дерттің қаншалық қауіпті екенін көрдім. Оған шалдыққан жан өмір мен өлім арасында жатады. Жанталасады. Реанимациялық шараларға мұқтаж болады. «Бұл індетті жай дәрімен, екпемен емдейді» деп айтқандардың сөзіне сенбеңіз,-деген Александр Вальтер халықты ауруға немқұрайлы қарамауға шақырады.

Иммунитеті әлсіз және басқа да созылмалы аурулары бар адамдар қауіп аймағына кіретінін айтқан дәрігер осы дертті жұқтырған алғашқы науқасы туралы былай айтты:
— Кезекшілігім басталғанда, жансақтау бөліміне алғашқы түскен науқас — 1972 жылы туған адам еді. Салмағы – 128 кг. Қан қысымы жоғары. Қаназдық, қант диабетімен ауырады екен. Бұл аурулар оның жағдайын тіпті нашарлатты. Оны өкпені жасанды желдету аппаратына қостық. Қолдан келгенше емдедік. Қазір жағдайы жақсы. Үйіне шықты. Бұл аурудың қаупі — оның белгілері бірден байқалмайды. Дене қызуы бірде көтеріліп, бірде қалыпты жағдайда болады, кішігірім жөтел қысады. Жалпы бір қарағанда жағдайы бірқалыпты күйде тұрғандай көрінеді. Алайда ауру астыртын, білдірмей күшейе береді. Тест сынамалары қанда вирус бар-жоғын бірден анықтайды. Бірақ тексертушілер бұған сенгісі келмейді. Олар өз жағдайына көндіккенше дерт өкпені жайлап, зақымдайды. Тыныс алу қиындайды. Қандағы оттек мөлшерін өлшейміз. Егер жеткіліксіз болса, аппаратқа қосамыз. Мамандармен тікелей байланысқа шығып, жағдайды баяндап тұрамыз,-дейді Александр Вальтер.
Дәрігердің сөзінше, ем-дом шаралары хаттамаға сәйкес жүргізілсе, нәтиже байқалады. Науқастар жазылып, айығады. Өкінішке қарай, «басқаға көмектесемін» деп жүріп өзіне індет жұққан дәрігерлер бар.

17 күндік тынымсыз жұмыстан соң кейіпкерімізбен бірге иық тіресе жұмыс істеген кезекшілік топ 2 апта бойы карантинге жатқызылды. Олардың орнына басқа әріптестері кезекшілікке түсті.
– Карантиннің алғашқы күні таза ауамен тыныстағанымызға қуандық. Кезекшілікке түспейтінімізге, қалың, сақтандыратын киім кимейтінімізге сенер-сенбесімізді білмедік. Біз тынығып, демалдық. Күш жинадық. Себебі, үйде отбасымыз күтіп отыр. Содан кейін қайта жұмыс күтіп тұр. Реанимация бөлімі бола ма, әлде жұқпалы аурулар бөліміне жібере ме, оны көре жатармыз. Біз қазір майдан даласындағы сарбаз секілдіміз. Бұйрық келсе, шабуылдаймыз. Бастысы короновирусқа қарсы соғыс тезірек аяқталса екен,-дейді Вальтер.

P.S. Бет қатталып жатқанда
Александр Вальтермен тағы бір хабарластық. Ол карантин аяқталып, үйіне барып, отбасымен қауышқанын қуана хабарлады. Өзіне тиесілі үстемақыны да алыпты. Қазір реанимациялық бөлімде қызмет етіп, «қарапайым» науқастарға көмектесуде.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №19-20, 13 мамыр 2020 ж