Шымкентте коронавирус инфекциясына шалдыққан науқас алғаш рет сұқбат беріп, басынан өткен жағдайды баяндап берді. Қауіпті дертке шалдыққан жүкті әйел отбасымен бірге оқшауланып, ауруханада екі аптадан аса ем қабылдаған. Кейін тағы 15 күндей үй карантиніне жатқызылған.
Айы, күні босануға жақын қалған аяғы ауыр келіншек коронавирус инфекциясы туралы не дейді? Бір ай бойы қауіпті індетпен алысқан әйелдің құрсағындағы сәбиінің жағдайы қалай?
Коронавирусқа шалдыққан 36 жастағы Иринаның айы, күні жақындап, босануға дайындалуда. Дертке шалдыққан шымкенттік әйелге инфекция үйіндегі жолдасынан жұғыпты. Бұған қоса, аяғы ауыр келіншектің екі баласынан да аты жаман ауру анықталып, бүкіл отбасы мүшелерін оқшаулап емдік шараларын жүргізу үшін дәрігерлер бір жанұядағы науқастарды провизорлік станционарға жатқызған.
Ирина, Шымкент қаласының тұрғыны: «Ауруханаға түскенде кішкентай балаларымыз арнайы костюмдегі дәрігерлерді көргенде, шошып жатты. Осы кезде, біз баларымызға қарап, әкесі екеуміз мықты болуға тырыстық. Уақыт өте келе қауіпті дертті жеңіп шықтық. Мен жүкті болғандықтан, дәрігерлер менің және іштегі шаранамның жағдайын ерекше бақылап отырды. Ең бастысы инфекция ішімдегі балаға әсер етпепті».
COVID-19-дан жазылып шыққан аяғы ауыр келіншек қазір балаларына барынша көңіл бөліп жүр. Бір сәт болсын, бала-шағасын қараусыз қалдырғысы келмейді. Отбасымен қауіпті індеттен толығымен айығып шыққанымен, азаматшаның іштегі үрейі әлі басылмаған сияқты.
Ирина, Шымкент қаласының тұрғыны: «Біз коронавирустан жазылып шықтық. Бірақ ауруханадағы карантиндік жағдайды есіме алсам, үрейленген сәттерім есіме түседі. Жан жағы жабық төрт қабырғаның ішінде жату кішкентай балалармен қиын болды. Бұл жағдайды бастан өткізбей, ешкім түсіне алмайды. Аурудың бар екеніне сенбей жүрген азаматтарға айтарым, салғырттық танытпаңыздар. Өзіңізді ойламасаңыз да, басқаларға зияндарыңыз тимесін».
Айта кетейік, Ирина сияқты жүкті әйелдердің арасында ковид 19 диагнозы расталған қала бойынша 15 жағдай тіркелген. Елімізде төтенше жағдай режимі алынғанымен, Шымкентте инфекцияға шалдыққандардың саны күн санап артып барады. Мамандар мұның себебін жоспарлы тескерумен байланыстырады.
Айта кетейік, бүгінге дейін Шымкентте вирусты инфекцияны жұқтырудың 730 жағдайы тіркелген. Дертке шалдыққандардың басым бөлігі 50 жасқа дейінгі азаматтар. Ал COVID-19 диагнозын жеңіп шыққандар саны 241 адамға жетті.
Лаура Нақыпқызы