Мақтаарал ауданында топан судан зардап шеккен 6128 тұрғынға үкімет резерві есебінен 100 мың теңге өтемақы төлеу үшін «Халық» банк карталары таратыла бастады.
Осы мақсатта қазіргі таңда Мырзакенттегі «Гүлсара» тойханасы мен «Нұрбөбек» балабақшасында және А. Пушкин атындағы жалпы орта мектебінде сондай-ақ, Атакент кентіндегі және тағы да басқа эвакуациялық пунктерде мамандар карта үлестіру жұмыстарын бастап кетті.
Ә. Усмановтың қорынан 5202 отбасыға бөлінетін 1000 АҚШ долларлық өтемақы да осы карталарға аударылатын болады. Бүгін бұл туралы Түркістан облысы қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Абдрахман Тасыбаев мәлім етті.
Басқарма басшысының айтуынша, үкімет резервінен берілетін 100 мың теңге өтемақы су тасқынынын зардап шеккен 5 елді мекенде яғни, Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фердауси, Достық, Өргебас ауылында тұратын 846 отбасындағы 6128 тұрғынға берілетін болады.
Ал, Ә. Усмановтың қорынан 1000 АҚШ долларын су басқан Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фердауси, Достық, Өргебас ауылдарынан бөлек, эвакуацияланған Мырзакент, Ақжол, Т. Жайлыбаев, Жантақсай, Арайлы, Нұрлытаң, Нұрлыжол, Шұғыла елді мекендерінің 5202 отбасына үлестірілмек.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданындағы банк картасын тарату орындарында коронавирус індетіне байланысты қабылданған сақтық шараларының барлық талаптары қатаң түрде сақталу көзделген.