Шымкенттегі Металлург стадионында құрылыс жұмыстары басталды. Біраздан бері жоспарда жүрген қайта қалпына келтіру ай бұрын қолға алынған. Әзірге спорттық алаң тазартылу үстінде. Осыдан кейін ғана күрделі жұмыстар басталмақ.

Металлург стадионында бүгін спортшылар емес құрылысшылар қызу жұмысқа кіріскен. Өйткені талай жылдық тарихы бар алаңда ақыры жөндеу жұмыстары басталды. Енді белгілі спорт кешені тек шүйгін шөбімен емес заманауи трибунасымен де елді тәнті етпек.

Стадионды қайта қалпына келтіру үшін қала бюджетінен 3 млрд. 19 млн. теңге бөлінген. Ол қаржыға бір жарым мың орындық трибунадан бөлек спортшыларға қонақ үй және жаттығу залы тұрғызылады. Сондай-ақ, жасыл шөп те жөндеу көреді екен.

Спорт кешенінің негізі өткен ғасырдың 70 жылдары қолданысқа берілген. Осы уақытқа дейін завод қарамағында болған кешенді 2017 жылы жергілікті билік жауапкершілігіне алған еді. Енді міне араға 3 жыл салып жөндеу көрмеген кешенге ақыры көңіл бөлінді.

Спорт кешені құрылысы келесі жылдың соңына дейін жалғасады.

Назерке Үкібасова