Күні кеше Төлеби ауданы, Қаратөбе ауылдық округі аумағындағы «Нұр-ата» өзенінің су деңгейі нөсер жаңбырдың салдарынан көтеріліп, аталған ауылдық округке қарасты Майбұлақ елді мекенінің орталық көшесінде орналасқан көпірді шаю қаупі төнген.

Шамадан тыс жауған жаңбыр әсерінен ағаштар көпірдің тіректеріне кептеліп, жиналған су көпір бетіне асып-тасыған.

Осыған орай, аудан әкімі Бауыржан Омарбековтің бастамасымен құрылған жұмыс тобы елді мекендегі жағдай барысымен танысты. Қауіптің алдын-алу мақсатында Төтенше жағдайлар қызметі мен ауыл тұрғындары жұмыла бірлесіп, көпірді жедел тазарту жұмыстарын жүргізді.

Сонымен қатар «Нұр-ата» өзенінің бойын тазалауға арнайы техникалар жұмылдырылды. Қазіргі таңда елді мекенге төнген қауіп жоқ.