«Сүйіктісімен кездесу үшін түзету колониясынан қашты»

406
ИЧ 167/10 түзету мекемесі

«Сүйіктісімен кездесу үшін түзету колониясынан қашты». Бүгін Шымкент қаласы бойынша қылмыстық атқару жүйесіне қарасты ИЧ 167/10 түзету мекемесіндегі 36 жастағы жазасын өтеушінің колониядан бой тасалағаны белгілі болды. Оқиға 22-мамыр кешкі сағат 20:30-да орын алған.

Қауіпсіздігі төмен мекемеде ұрлық және өзге қылмыстық баптармен 6 жылға сотталған азамат белгісіз бағытқа рұқсатсыз мекемеден шығып кеткен. Осы дерек бойынша, дереу мекеменің жедел тобы құрылып, іздестіру шаралары жүрген. Оған Ұлттық ұлан жасағы мен полиция департаментінің қызметкерлері де жұмылдырылған.

Шұғыл топ жазасын өтеушіні 1,5 күн дегенде «Тоғыс» елдімекені аумағынан тауып, түзету мекемесіне кері қайтарыпты. Қазіргі кезде айласы аспай қалған қылмыскер сондағы тәртіптік изоляторда жатыр.

Пархат Исақбаев

Пархат Исақбаев, Шымкент қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары: «Жазасын өтеушінің сыртқа «Тоғыс» елдімекеніндегі таныс бір «жұбайына» (сүйіктісіне) бару мақсатында шыққаны анықталды. Сонда барып-келмек болыпты. Бірақ енді осы ИЧ 167/10 түзету мекемесінде жүріп, күн тәртібіне, ішкі тәртіпке бағынбай, бұл жерден кетіп қалғаны үшін оған қатысты барлық айғақтар мен құжаттар дайындалып, материалдар сотқа жолданып, соттың шешімімен ол қайтадан Ақтөбе қаласындағы қауіпсіздігі орташа режимдегі түзету мекемесіне қайтарылады. Қазіргі таңда орын алған оқиға бойынша департамент тарапынан тәртіптік комиссия құрылды, енді комиссия ИЧ 167/10 түзету мекемесі басшылығы мен қызметкерлерінің қызметтегі жіберген салғырттықтарын қарап, жауапқа кімдердің тартылатыны жөнінде шешім қабылдайды».

Мөлдір Бекеева