Шаруалардың сарымсақ, пияз, сәбіз, картоп, болгар бұрышы, қызанақ, қырыққабат, баклажан сынды көкөністері мамыр айының соңында тұтынушыға жол тартады.

Шаруалардың шығындалуына жол бермеу мақсатында бүгін Сайрам ауданының әкімі Уласбек Садибеков пен аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрпапа Көпеев Көлкент ауылдық округіндегі егін алқабына барды.

Өткен аптада әлеуметтік желіде түркістандық диқандардың қырыққабатты тонналап тегін таратуға әзір екенін айтқан видеосы тарап, шаруалардың үні министрлікке дейін жеткен болатын.

Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев аталған мәселені сауда және интеграция министрінің назарына ұсынып, диқаншылық жаппай шығынға батудан аман қалған-ды.

Осы жағдайдан соң Өмірзақ Естайұлы аудан басшыларына егін шаруашылығынан түсетін өнім көлемін анықтап, оларды сату жұмыстарын алдын ала ұйымдастыруды тапсырған болатын.

Сайрамдағы Ханқорған ауылында 40 гектар жерге егілген көкөністерді сатып алушылар дайын. Олар егін алқабының басынан артып, еліміздің солтүстік аймағына және Ресейге алып кетеді. Өнімнің сатылуы 100%-ды қамтымақ.

Жақын күндері өнімін алғалы отырған кооперативте 18 шаруа қожалығы бар. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес бұл аумақтағы 70% жерден жылына екі рет өнім алынады.