Сарбаздар әкімдік алдында шу шығарды

324

Шымкенте төтенше жағдай кезінде арнайы қызметтерге жұмылдырылған сарбаздар дау шығарды. Жалақыларын ала алмай қалған 100 шақты жас жауынгер бүгін әкімдік ғимаратына жиналды.

Әскери қызметтерін абыроймен аяқтаған жігіттер салтанатты қоштасу кешінен кейін қала басшылығына қарай ағылды.Табан ақы мен маңдай тері өтелмеген сарбаздар уәде етілген ас-ауқатты да көрмедік деп шағынады.


Бұл сарбаздар төтенше жағдай кезінде түрлі қызметтерге жұмылдырылған. Бірі аулалар мен көшелерді дезинфекциялауға кіріссе, енді бірі блок бекеттерді күзетіпті.

Осынау жұмыстарға өз еркімен келіскендердің бірі — Асхат Омаров. Жергілікті фирмалардың бірінде жұмыс істеген ол төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған. Әскери жиын туралы естіген соң карантин шараларына атсалысуды ұғарыпты.

Бүгін әскери қызметті ойдағыдай атқарған сарбаздар салтанатты кештен кейін әкімдікке қарай бет алды. Айтуларынша, оларға ешкім жалақы төлейтін түрі жоқ. Келісімшартта да айлық мөлшері мен оның берілетін мерзімі туралы жартымды мәлімет жоқ екен.

Жақсылық Жолдықара: «Бізге әу баста айран береміз деген. Себебі, дезинфекция қауіпті. Ол да жоқ. Бәрі көзбояушылық».

Қала басшысы сарбаздарды көп күттірген жоқ. Жауынгерлердің өтінішін мұқият тыңдаған Мұрат Әйтенов жалақы қарызының көп ұзамай өтелетінін жеткізді. Онымен қоса еңбекақының кешіктірілуіне кінәлілер жауапкершілікке тартылады деді.

Еңбекақы мәселесінің қалай, қашан шешілетіні әзірге белгісіз. Алайда билік өкілдері індет дендеп, халық карантин құрсауында қалғанда аянбай тер төккен жауынгерлердің «маңдай ақы, табан терінің» өтеусіз қалмайтынына сендірді.

Мақпал Рысбаева