«31-мамыр-саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу» күніне орай Шымкентте «Жазықсыз құрбан болған қайран жұртым» тақырыбында өткен шара барысында тоталитарлық саясат жылдарында жазықсыз жапа шеккен тұлғалардың ұрпақтары бейнебайланыс арқылы тарихи деректерді жария етті.
Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлының ұлтты дамыту жолындағы ізденіске толы қызметі, ұлт əдебиетіне, тарихына, драматургиясына, журналистикасына, ғылымына қосқан үлесі орасан екені баршаға мәлім.
Қайырбек Кемеңгер, Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлының ұрпағы: «Қошке Кемеңгерұлы 1937 жылы атылар алдын түс көрген. Қара түнекте үш терезе. Ол жерден оралмаймын. Артымда үш перзентім қалған екен дейді. Тоталитарлық режимнен алашордалықтардың жақындары да жапа шекті. 1942 жылы Гүлсім әже 3 баласымен Свердловскіге қоныс аударады. Әркімнің табалдырығын паналап өлген жоқ, балалары да тірі қалды».
Көрнекті қоғам қайраткері 1937 жылы «халық-жауы» деген жалған жаламен ату жазасына кесілген. Ұлттық журналистиканың негізін қалаушылардің бірі, аудармашы, публицист ретінде де танылған. Революцияның қызыл қыраны атанған Тұрар Рысқұлов 1937 жылы тұтқынға алынып, 1938 жылдың ақпанында ату жазасына кесілді. Алаштықтардың отбасылары мен туыстары да саяси қуғын сүргінге ұшырады.
«Тұрар Рысқұловтың жұбайы Азиза, Сәкен Сейфуллиннің жолдасы Гүлбахрам 8 жыл бойы АЛЖИР-дегі лагерьде тұрды. Рысқұловытң жұбайы Азиза мал дәрігері болатын. Қақаған аязда мал бақты, фабрикада жұмыс істеді»,- дейді тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Баршагүл Исабек.
Қазақстанда 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді.
Олардың арасында қазақ зиялылары: ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды. Тоталитарлық саясат жылдарында жазықсыз жапа шеккен тұлғалардың өмірлік жолын өскелең ұрпаққа дәріптеп, олардың бойында патриоттық сезімді нығайту мақсатымыз дейді ұйымдастырушылар.
Шынар Оразова