Шектеу шараларын сақтамаған кәсіпкерлік нысандар өз жұмысын тоқтатады. Бұл туралы аудан әкімі Ұ.Сәдібеков Қарабұлақ ауылдық округін аралау барысында әкімдік қызметкерлері мен кәсіпкерлерге ескертті.

Аудан басшысының Қарабұлақ ауылдық округіндегі іс-сапары орталық көшелердің абаттандыру жұмысынан басталды.

Бұдан кейін Уласбек Садибеков бастаған жұмысшы топ «Өсерқұл қажы» базарына, «Қарабұлақ» сауда орталығы мен ет сататын сауда қатарындағы санитарлық тазалық талаптарының сақталу барысын бағамдады.

Іс-сапар барысында аудан әкімі Қарасу ауылдық округіндегі блок-бекет жұмысын көріп, карантиндік режимдегі қатаң талаптардың сақталуы мен блок-бекеттегі жауапты қызметкерлердің жағдайымен танысты.

Еске сала кетейік, бүкіл әлемге тараған COVID-2019 пандемиясына байланысты 2020 жылдың 15 наурызында елімізде жарияланған төтенше жағдай ағымдағы жылдың 11 мамырында тоқтатылды. Дегенмен, карантиндік режим әлі де жалғасуда.

Азық түлік, басқа да қажеттіліктерге орай сауда-саттық нүктелері мен кәсіпкерлік нысандар өз жұмысын бастағанымен, індеттің таралуына жол бермейтіндей сақтық шараларын қабылдауы тиіс.

Соңғы деректерге сүйенсек, әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 5 миллионға (4 986 332) жақын. Әзірге оның 1,9 млн ғана емделіп шыққан. Қайтыс болған науқастар саны – 324 910 адамды құрап отыр.

Соның ішінде Қазақстанда бұл індетті 6969 адам жұқтырған.