Шымкент гүлзарлар қаласына айналмақ

247

Биыл еліміздегі үшінші миллионыншы шаһарда 4 шағын жасыл демалыс аймағы қалпына келтіріледі . Олардың бірі бас алаңда, қазір құрылыс жұмыстары қарқын алған. Орыс драма театрының алдында жаңа жаяу жүргіншілер жолы, орындықтар және су бұрқақ болады.

Шымкент әкімі Мұрат Әйтеновтің бастамасымен қаладағы жасыл аймақтарды қайта құру жұмыстары басталды. Шаһар басшысы орталық алаңдағы қызу жұмыстардың барысымен танысты. Мұнда бұрынғы жаяу жол плиталары алынып, ескі су бұрқағы да жөнделеді. Гүлзар қалалық арбатпен бірге бір үлгіде үйлестіріліп салынады. Шаһар басшысы сәулетшілердің шешімі қалалықтарға ұнайтынына сенімді.

Мұрат Әйтенов

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Біз арнайы жоба жасадық. Қаржыны да бөлдік. Мына жерде арбат, мынау алаң. Енді орталық алаңда театрдың алдында көлік тұрағы болады ма, жоқ па осы мәселені шешудеміз».

Жаңа гүлзар шымкенттіктердің сүйікті демалыс орны болмақ. Мұнда керемет жасыл алқап құрылады. Екі әсем су бұрқақ, жайлы орындықтар, қоқыс тастайтын жәшіктер, заманауи шамдар да қарастырылған. Көгалдандыру да қолға алынбақ. Қылқан жапырақты ағаштар отырғызылып, гүлдер де демалыс аймағына көрік береді.

Нұрлан Жаманкөз, Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының м.а.: «Қаладағы гүлзарларды қалпына келтіру жұмыстарына қаржы жұмыспен қамту жол картасы бойынша қарастырылған. Жұмыстар басталып кетті».

Гүлзардың құрылысына 400 млн. теңге жұмсалмақ. Демалыс аймағында шымкенттіктер мен қала қонақтары тамызда серуен құрады. Айта кетейік, биыл қалада орталық алаңдағы гүлзардан бөлек тағы 3 демалыс аумағы жөндеуден өтеді. Олар: Шәмші Қалдаяқов атындағы, Чернобыль апатынан зардап шеккендерге арналған және Орталық стадион жанындағы демалыс орны.

Атап өтерлігі, қайта қалпына келтірілетін гүлзарлардағы бұл жұмыстарды бір мезетте аяқтау жоспарланған. Жауаптылардың сөзінше, мердігер компаниядағылар мерзімінен бұрын аяқтап, жаз айында тапсыруды көздеп отыр екен.

Шынар Оразова