Шымкент қаласы Мақтааралға техникалық көмек береді. Қызыл судың астында қалған ауданға қала әкімдігі алғашқы күні 11 құрылыс көлігін жіберген.
Бүгін тағы 20-ға жуық көлік жөнелтті. Бұл аудан әкімдігінің өтініші дейді шымкенттік шенеуніктер. Ал, қаладағы еріктілер аймақтағы ағайынға азық-түлік әкетті.
Басына қара бұлт үйірілген Мақтааралға шымкенттіктер алғашқы күннен бей-жай қараған жоқ. Алдымен 11 құрылыс көлігін жіберген қала әкімдігі, бүгін тағы 20-дан астам техника жөнелтпек. Бұл аудан әкімінің өтініші дейді жауаптылар. Сөздерінше, қызыл су астында қалған аумақты тазартуға қазір Камаз, эксковатор сынды техника ауадай қажет.
Ғалымжан Өтембаев, құрылыс басқармасы басшысының орынбасары: «Мақтаарал ауданы әкімінің сұрауымен техникалық жабдықтарды жібердік. Су тасып, қоқысқа толған аумақты тазарту керек. Сөйтіп, қала әкімінің тапсырмасымен құрылыс компаниялары екі-екі көліктен берді. Бұдан құрылыс жұмыстарына ешқандай қиындық тумайды».
Техниканың күнгейге кетуі қаладағы құрылысқа ешқандай әсер етпейді дейді басқарма өкілдері. Себебі құрылыс компанияларының әрқайсысы екі техникадан бөлген. Одан бөлек, Айтпай келген апаттан соңғы тәулікте қалада қонақтар да көбейіпті. Су көтерілген аумақтан 2 мамырдан бері Шымкентке 700-ден астам мақтаралдық келіпті.
Алмасбек Мамытбеков, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Су тасыған күні қалаға тек Мақатаарал емес, Жетісай, Созақ сияқты аудан халықтары ағылды. Сондықтан да блок бекетте адам нөпірі көп жиналды. Барлығын тексеруіміз керек. Нәтижесінде тек қызыл су басқан аумақтың тұрғындарын өткіздік. Осы уақытқа дейін қала аумағына 700-ден аса мақтааралдық өтті. Егер аудан әкімдігі автобуспен жіберсе, әлі де өткізе береміз. Жеңіл көлікпен келгендерді кіргізе алмаймыз».
Аймақтағы ағайынды қолдауға Шымкенттегі еріктілер де жолға шыққан. Өздерімен азық-түлік ала кеткен олар, апат болған аймақта көмек көрсетеді. Одан бөлек Мақтаралға шаһардағы 17 төтенше жағдай қызметкері де аттанды. Олар облысқа 13 техника әкеткен.
Назерке Үкібасова