Шымкентте қоғамдық көліктердің электрондық төлем жүйесіне жаппай ауысуы бір айға ерте басталатын болды. Шілдеден бастап автобустар жаңа жүйемен жұмыс істейді. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлімдеді.

Қаладағы қоғамдық көліктің жұмысын жақсарту үшін жыл аяғына дейін қолданыстағы маршруттар желісі жаңартылады. Автобустарға электрондық билеттендіру жүйесі енгізіледі. Көлік картасының бағасы – 500 теңгеге бағаланып отыр. Карталардың 4 түрі болады дейді салаға жауаптылар. Олар – бірыңғай пайдаланылатын және оқушылар мен студенттерге арналған. Белгілі бір санатқа жатқызылғандар тегін жүруге мүмкіндік беретін картаны қолданады екен.

Мақсұт Исақов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Жолаушыларға көлік картасымен, SMS, QR-код, смартфонды қолдана отырып, жол жүру ақысын төлеуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, оқушыларға мектеп асханаларында көлік картасымен төлеу мүмкіндігі қарастырылуда».

Мақпал Рысбаева