Шымкентте балабақшалардың жұмысы бойынша жаңа алгоритм қабылданды

472
Шымкентте жаңа балабақша ашылды
Балабақша

Шымкентте балабақшалардың балаларды қабылдауы бойынша жаңа алгоритм қабылданды. Енді балалар мен ондағы тәрбиешілер алдымен денсаулығы жөнінде мекен-жайы бойынша бекітілген емханадан арнайы анықтама алуы тиіс. Саулығын дәлелдейтін құжат бүлдіршіннің өзге де туыс-жақындарынан талап етілмек. Бұл жөнінде Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді.

Айтуынша, бақшадағы жаңа жүйе — кішкентайлардың ғана емес, олардың жақындары, жалпы қоғамның қауіпсіздігі үшін қолға алынған. Сондай-ақ, мектепке дейінгі ұйымдар бірден ондаған баланы қабылдамай, тиісінше әр топтағы бала санын қысқартуды (10-15 бала) көздеп отыр. Қазіргі кезде осы мақсатта арнайы тізім жасақталып жатыр екен, яғни ата-аналары жұмысбасты жандардың перзенттері үшін 25-мамырдан бастап қызмет етпек. Және онда келуші балалар мен барша қызметкерлердің сәт сайын дене қызуы тексеріліп, қолдары арнайы антисептиктермен залалсыздандырылып отырмақ.

Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Алгоритмге сәйкес, бірінші кезекте баланы педиатрдың анықтамасымен қабылдайтын боламыз, яғни баланың денсаулығы жақсы екенін дәлелдейтін құжаттарды сұраймыз. Сонымен қатар, балабақшадағы қызметкерлердің де денсаулықтары жөнінде әрқайсысынан анықтамасын талап етеміз. Бұдан бөлек, ата-анасы немесе олармен қарым-қатынастағы туыстарының да саулығы жазылған құжаттарын сұратып, арнайы тексеруден кейін ғана балаларды балабақшаға кіргіземіз».

Қаланың бас педагогы сақтық шаралары үшін балалардың ара-қашықтығы сақталып, балабақша аумағы, ғимараттың іші мен сырты толығымен дезинфекцияланып, санитарлық талаптар қатаң сақталатынын жеткізді.

Айта кетейік, бүгінде миллионды қала — Шымкентте барлығы 529 балабақша бар. Оның 81-сі ғана мемлекеттің меншігінге тиесілі екен. Ал мектепке дейінгі ұйымдарда қазіргі уақытта 77 271 бала тәрбиеленуі тиіс.

Мөлдір Бекеева