«Күніне жүздеген келі балықты қоқысқа тастаймыз». Арнамызға арызданған балық сататын шымкенттік саудагерлер осылай деп шағымданды. Айтуларынша, сауда мүлде тоқтаған.
«Тегін берсек те алмайды» деп наразы болған кәсіпкерлер «шығынға белшемізден батып жатырмыз» дейді. Сатушылар оған әлеуметтік желіде тараған жалған ақпарат себеп болды деп пайымдап отыр. Өзбекстаннан ағып келген улы балық қалаға жетті ме? Мамандар не дейді?
Шымкенттік Кәміл Қасымбековтің балық сатуды кәсіп еткеніне 20 жылға жуықтаған. Күн сайын 100-200 келіге дейін тауар сататын оның саудасы қазір мүлде тоқтапты. Өнімдерін тапсырыспен Шардара мен Атыраудан алтыратын кәсіпкер күн сайын шығынға батып жатқанын айтады.
Кәміл Қасымбеков, кәсіпкер: «Күн сайын 5 келі әрең сатамыз. Барлығымыздың несиеміз бар. Сауда мүлде жоқ».
Тоңазытқыш тонналаған тауарға лық толы. «Тез бұзылатын өнімдерді дер кезінде сатпасақ, қоқысқа тастауға мәжбүр боламыз» деп шырылдайды кәсіпкерлер. Пікірілерінше сауданың тоқырағанына әлеуметтік желіде тараған «балық жеуге болмайды, түрлі аурулар тудырады» деген жалған ақпарат себеп болған.
Жамилә Серікбаева, кәсіпкер: «Түрлі аурулар тудырады делінген ақпарат шыққан соң, сауда тоқтады. Қайда барамыз? Күн сайын шығынымыз артып отыр».
Ал салаға жауаптылар сауда орындарына келетін тауарларды жіті тексеріп отыратындарын айтады. Балықтарға қатысты жайсыз ақпараттан кейін жауаптылар тексеруді тіпті күшейтіпті. Зертханашылар қалада әлі күнге дейін уланған балықтар анықталған жоқ деп отыр.
Маратбек Меңлібеков, зертхана меңгерушісі: «Базарға әкелінетін балықтардың барлығының құжаттары бар. Ол құжатта қанша килограмм, қандай мұздатылған, бәрі жазылады. Арнайы көлікке артып, мұздатылған күйінде келіп түседі. Бізде уланған балық әкелініп жатқан жоқ. Кейбір жерде естіп жатырмыз «ойбай балықтар уланып қалыпты» деп, сыртының барлығы ұрылып соғылып қалған» деп, ондай балықтар бізге түскен жоқ әлі. Сондай болып қалған жағдайда біз оны ары қарай тексереміз. Арнайы органдарға айтамыз, сөйтіп оның қайдан келген балық, қайдан шыққаны бәрі тексеріледі заңды түрде».
Айта кетейік, бұған дейін «10 мың үйдің әжетханасын Сырдарияға ағызып тастапты. Ондағы балықтар сифиллис, гижжа, ішек таяқшалары сияқты аурулар туғызады» деген әлеуметтік желіде таралған ақпаратқа қатысты Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының балық шаруашылығындағылар да мәлімдеме жасаған болатын. Айтуларынша, халық көп тұтынатын балықтардың дені негізінен Шардара су қоймасынан, Сырдария өзенінен ауланады екен. Ал улы балықтар табылған Мақтааралда су айдыны жоқ, зиянды жәндіктер Өзбекстаннан ағып келген. Алайда, бұл су қоймаларына көршілес елден бір тамшы да су түспеген» деген болатын. Жауаптылар жалған ақпарат таратқандардың заңмен қудаланатынын қадап айтқан болатын.
Мақпал Рысбаева